Малшыларға қатысты жаңа шешімдер әзірленіп жатыр

25.01.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..

«Ауыл – ел бесігі» деген ұғым бұл жолы заман талабына сай жаңаша мәнге ие болып отыр. Мемлекет басшысының 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауында берілген тапсырмаларға сәйкес, Ауыл шаруашылығы министрлігі мал шаруашылығын дамытуға арналған 2026–2030 жылдарға арналған кешенді жоспарды әзірлеп отыр.

Құжатта малшылар мен шопандардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, кадр тапшылығын азайту және ауылда жұмыс істеуге ынталандыру мәселелері қамтылған.

– Кешенді жоспардағы ең өзекті бастамалардың бірі – малшылар мен шопандар үшін зейнеткерлік жасты төмендету. Ауылдағы ауыр еңбек пен табиғаттың қатал жағдайын ескере отырып, аталған мамандықтарды зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін кәсіптер тізбесіне енгізу ұсынылды. Бұл бастама жүзеге асқан жағдайда, кемінде 7 жыл бойы зейнетақы аударымдары бар азаматтар 55 жасында зейнетке шығу мүмкіндігіне ие болады, – делінген редакцияның ресми сауалына берген жауабында.

Сонымен қатар, ведомство әлеуметтік қолдау тек еңбек адамымен шектелмейтінін мәлімдеді. Малшылар мен шопандардың балалары үшін әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру мәселесі де күн тәртібіне қойылған.

Кадр тапшылығын азайту мақсатында мал шаруашылығы мамандықтары бойынша білім алып жатқан жастарға да ерекше назар аударылмақ. Гранттарды бөлу кезінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер, жергілікті атқарушы органдар және жоғары оқу орындары арасындағы үшжақты келісімдер арқылы жеке квота қарастыру көзделіп отыр. Мұндай грант иегерлері оқуын аяқтаған соң, кемінде үш жыл ауылдағы кәсіпорында жұмыс істеуге міндеттеледі.

Тағы бір маңызды бағыт – тұрғын үй мәселесі. Ауылда, кенттер мен ауылдық округтерде жалдамалы тұрғын үй салған жұмыс берушілерге мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіру жоспарланып отыр.

Айта кету керек, аталған шаралар – әзірге кешенді жоспардың жобалық бастамалары. Оларды іске асыру үшін қаржыландыру көздері мен тетіктер жауапты мемлекеттік органдармен қосымша пысықталады.

Құжатты дайындау үшін арнайы Жұмыс тобы құрылып, оның құрамына Парламент депутаттары, өңір әкімдерінің орынбасарлары, ғалымдар, қаржы институттарының, салалық қауымдастықтар мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері енгізілген. Қазіргі таңда жұмыс тобы 10 отырыс өткізіп, салалық бірлестіктермен тұрақты пікір алмасып келеді.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда Мал өсірушілер одағы құрылғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью