Qazaq24.com, Zakon.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан республикалық "Таза Қазақстан" экологиялық акциясы аясындағы жұмыстар Маңғыстау облысында жүйелі түрде жалғасуда.
Іс-шаралардың негізгі мақсаты – абаттандыру қағидаларының сақталуын қамтамасыз ету, қоршаған ортаны ластау фактілерінің алдын алу, тұрмыстық және құрылыс қалдықтарын заңсыз төгуге, сондай-ақ сұйық қалдықтарды белгіленбеген орындарға ағызуға жол бермеу.
Акция басталғалы бері өңірде полиция қызметкерлерінің қатысуымен 1 937 рейдтік іс-шара өткізілді. Рейдтерге жалпы саны 235 полиция қызметкері жұмылдырылды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 2024 жылғы 15 сәуірден бүгінгі күнге дейін 27 308 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.
Оның ішінде:
Елді мекендерді абаттандыру қағидаларын бұзудың 21 156 фактісі; Ортақ пайдаланылатын орындарды ластаудың 6 152 фактісі тіркелді.Сонымен қатар облыс аумағында 27 заңсыз қоқыс үйіндісі анықталып, оларды жою бойынша тиісті шаралар қабылдау үшін ақпарат уәкілетті мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдарға жолданды.
Құрылыс қалдықтарын заңсыз төгу деректеріне ерекше назар аударылуда. Жүргізілген рейдтік іс-шаралар барысында қалдықтарды белгіленбеген орындарға төккен 29 жүк автокөлігі анықталды. Оның 27-сі мамандандырылған айыппұл тұрағына қойылды.
Маңғыстау облысының полициясы өңір тұрғындары мен қонақтарын тазалықты сақтауға, қоршаған ортаға ұқыпты қарауға және абаттандыру қағидаларын қатаң ұстануға шақырады. Қалалар мен ауылдардың тазалығы – әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі. Таза әрі жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға баршамыз бірлесе үлес қосуымыз қажет.