Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..
Денсаулық сақтау министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, кәмелетке толмаған науқастың өліміне байланысты жан-жақты тексеріс жүргізу үшін арнайы комиссия құрылған. Оның құрамында Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасының орынбасары - бас мемлекеттік медициналық инспектор мен тәуелсіз сарапшылар бар.
-2026 жылғы 19 ақпанда науқас санитарлық авиация арқылы Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына жеткізілді. Көрсетілген медициналық көмекке қарамастан, 13 сәуірде ол көз жұмды, - делінген хабарламада.
Жоспардан тыс тексерулер нәтижесінде бірқатар заңбұзушылық анықталған. Олар: науқастың ауруханаға жатқызылмай, бірнеше рет үйіне қайтарылуы, консилиумдардың өткізілмеуі, жүгінулердің толық тіркелмеуі, науқастың жағдайын жеткіліксіз бағалау, клиникалық хаттамалардың сақталмауы.
Сондай-ақ Ақтау қалалық №2 емханасында да заңбұзушылықтар анықталған.
Министрлік мәліметінше, дәрігерлер науқастың анамнезін толық жинамаған, зертханалық деректер ескерілмеген, диагноз бен клиникалық көрініс арасында сәйкессіздікке жол берген, ал бір жағдайда науқасқа тікелей тексеру жүргізілмеген.
Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы тексерулердің нәтижесі прокуратураға жолданғанын жеткізді.
-Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы және медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің облыстық департаменті тарапынан тексеру жұмыстары жүргізілді. Тексеру қорытындысына байланысты тиісті медициналық ұйымдардың басшыларына және қызметкерлеріне қатысты тәртіптік шаралар қарастырылды. Тексеру материалдарына құқықтық баға беру және процесуалдық шешім шығару үшін Ақтау қаласының прокуратурасына жолданды, - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бибізада Дүйсенбаева.
Бұл жағдай туралы марқұмның анасы жариялаған болатын.
Жұлдыз Азанованың айтуынша, 17 қаңтарда баласының іші кенеттен ауырған. Оны «соқырішек қабынуы» күдігімен облыстық балалар ауруханасының қабылдау бөліміне жеткізген, алайда үш сағат бақылаудан кейін үйіне жіберген. Баланың жағдайы жақсармай, іші ауырып, дене қызуы көтерілген. Отбасы бірнеше рет емхана мен жұқпалы аурулар ауруханасына жүгінгенімен, нақты диагноз қойылмай, жасөспірімді қайта-қайта үйіне қайтарып отырған.
Ақырында науқастың жағдайы нашарлағанда ғана ауруханаға жатқызылып, ота жасалған. Алайда жасөспірімнің беті бері қарамай, санитарлық авиациямен Алматыға жеткізілді. Орталықта медициналық көмек көрсетілгенімен, баланы аман алып қалу мүмкін болмаған.
Бұған дейін, Ақтауда қант диабетіне шалдыққан науқастар тегін дәріден қағылып, денсаулықтары нашарлағаны туралы жазған болатынбыз.