Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
Маңғыстау облысында Бекет ата жерасты мешітіне барғаннан кейін хабар-ошарсыз кеткен үш адамды іздестіру жұмыстары жүріп жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Мәліметке сәйкес, 34 жастағы Қанатбек Жұбатқанов, 31 жастағы Ақмарал Бисенова және 20 жастағы Мархабат Бисенова 2 шілде күні Great Wall маркалы автокөлікпен Бекет ата жерасты мешітіне қарай жолға шыққан.
Олар соңғы рет сол күні сағат 16:15 шамасында байланысқа шыққан. Еріктілердің айтуынша, жоғалғандар WhatsApp арқылы мешіт аумағынан түсірілген бейнежазбаны жіберген. Осыдан кейін олармен байланыс үзілген.
Маңғыстау облыстық полиция департаменті қазіргі уақытта ауқымды іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады.
«Жоғалғандардың жүрген жерін анықтауға полиция қызметкерлері, төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері, "Охотзоопром" РМК мамандары және басқа да жедел әрі бейінді қызметтер жұмылдырылды. Іздестіру жұмыстарына тікұшақтар, арнайы техника мен қажетті құрал-жабдықтар тартылған. Іздеу бірнеше бағыт бойынша барлық күш пен құралды пайдалана отырып жүргізіліп жатыр», – делінген полиция хабарламасында.
Ведомство барлық қызмет күшейтілген режимде жұмыс істеп жатқанын және жоғалғандарды мүмкіндігінше тезірек табу үшін қажетті шаралар қабылданып жатқанын мәлімдеді.
Іздестіру жұмыстарына еріктілер де қосылды. Олар өңір тұрғындарын іздеуге көмектесуге, қажет болған жағдайда аумақты дрондардың көмегімен тексеруге шақырды.