Inform.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Іс Ақтөбе облыстық әскери сотында қаралды. «Үстірт» шекара бөлімшесінің бастығы Қ.Асуға Қылмыстық кодекстің «Қызметке салғырт қарау» бабы бойынша айып тағылды.
Сот кабинетіндегі іс материалына сүйенсек, оқиға 2025 жылдың қазан айында Маңғыстау облысы Қарақия ауданына қарасты «Үстірт» шекара бөлімшесінде болды. Бөлімше бастығы Қ.Асу дизель агрегатының істен шыққанын біліп, оны тазартуды екі сарбазға тапсырады. Жарық жоқ кезде, кеш қарая мұндай жұмысты атқару қауіпті екенін біле тұра жүктемені орындауды бұйырады.
Техникалық қауіпсіздік ережесін түсіндірместен екі сарбаздың жанар-жағармай қоймасына кіруіне рұқсат береді. 2025 жыл 6 қазан күні сағат шамамен 19:40–та сарбаздың бірі қолына жанар-жағармай құятын екі ыдысты алып, қоймаға жалғыз кіреді. Сыйымдылығы 4 тонналық цистернаға барып, жоғары мініп, қақпағын ашады. Ыдысын ішіне салып, оны толтырып алмақ болған сарбаз бензин буына уланып, есінен танған қалады. Сол күйі 20 минут бойы жатқан.
Кейін оның бұл күйін өзге сарбаздар көріп, төмен түсіреді, әскерилерді шақырады. Алғашқы медициналық көмек көрсетілгенімен, сарбаз есін жимастан көз жұмды.
Сот отырысында сотталушы Қ.Асу өзіне тағылған айыпты толық мойындады. Оқиға орнына Қорғаныс министрлігінің тікұшағы жеткен. Алайда дәрігерлер сарбаздың бір немесе бір жарым сағат бұрын жан тапсырғанын хабарлаған.
Ал сарбаздың анасы ұлының медициналық колледжде фельдшер мамандығын алғанын, спортшы әрі белсенді болғанын айтты. 2025 жылдың наурыз айында әскер қатарына алынып, үш ай бойы Алматыда оқу курсынан өткен. Ант қабылдаған соң Маңғыстау облысының шекара бөлімшесіне бағытталды. Әскери қызметші болуды армандаған.
Сот сотталушы Қ.Асуды Қылмыстық кодекстің «Қызметке салғырт қарау» бабы бойынша айыпты деп танып, 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Жәбірленушінің азаматтық талап арызы ішінара қанағаттандырылды. Сотталушы жәбірленуші тарапқа 10 млн теңге моральдық шығынды өтеуі тиіс.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, былтыр Маңғыстау облысында сарбаз қайтыс болды. ҰҚК Шекара қызметі сол кезде сарбаз өліміне техникалық жұмыстар кезіндегі қауіпсіздік шараларының сақталмауы себеп болғанын айтты.