Aikyn.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..
Маңғыстау облысында республикалық референдум күні көпбалалы отбасы тағы да нәрестелі болды. Олар сәбидің есімін Атазаң деп қойған.
– Ұлымыз ел үшін маңызды күні дүниеге келді. Сол себепті бұл күн отбасымыздың тарихында мәңгі сақталсын деп оған Атазаң деген есім бердік. Болашақта елін сүйетін, Отанға пайдасын тигізетін азамат болып өссе дейміз», – деді нәрестенің анасы.
Дәрігерлердің айтуынша, анасы мен сәбидің жағдайы жақсы. Қазір олар мамандардың бақылауында.
Перзентхана дәрігерлері ата-ананы қуанышты жаңалықпен құттықтап, сәбиге мықты денсаулық, амандық және бақытты балалық шақ тіледі. Медицина қызметкерлері дені сау баланың дүниеге келуі – әрдайым отбасы үшін де, дәрігерлер үшін де үлкен қуаныш екенін атап өтті.
Айта кетейік, Маңғыстау облысында ана мен баланы қолдауға ерекше көңіл бөлінеді. Өңірде көпбалалы отбасыларға өмір сапасын арттыруға және балалардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған түрлі әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылған.
Ал кішкентай Атазаңның дүниеге келуі отбасы үшін қоғамдық-саяси күнде басталған жаңа өмірдің символы іспеттес.