Мақат ауданында павильондар жаңартылуда, бірақ тұрғындардың көңілі толмай отыр

02.07.2026

Qazaq24.com, Azh.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..

Видеодан скриншот

Мақат ауданындағы аялдамалардың пайдалануға берілгеніне жарты ғасыр өткен. Әбден тозығы жеткендіктен жұртшылықтың наразылығын туғызып жүрген болатын. Өткен жылдан бері ауданда жаңа аялдамалар салу құрылысы басталып кетті. 

Жалпы аудан бойынша 1970 жылы темірбетоннан құрылған 8-ақ қана аялдама болған, оның 6 данасы Доссор, ал 2-уі Мақат кентінде орналасқан. Жергілікті тұрғындар бұл аялдамалардың ауа райының қолайсыз күндерінде ықтасын болғанымен отырғыштары темірден жасалғандығынан отыру мүмкін емесін айтады. Ал кейбір жерлерде аялдама белгісі болғанымен өзі жоқ. 

Осы себепті жобада көрсетілгендей жаңа үлгідегі 91 (Мақатқа - 51, Доосорға - 34, Бәйгетөбе, №402 бекет, НПС ауылдарына - 6) аялдама орнатылатын болды. Жоба құны - 900 млн теңге. 

Құрылыс жұмысын "Монолит-Дизаин-2030" ЖШС конкурс нәтижесімен жеңіп алған. Мердігер жұмысты 2025 жылдың қыркүйегінде бастап, 2026 жылдың қыркүйегінде аяқтап тапсыруы тиіс. ЖШС бүгінде Мақатта - 38, Доссорда - 20, Бәйгетөбеде 4 аялдаманың негізін дайын қылыпты. 

Алайда жаңа павильондар жергілікті тұрғындар арасында сауалдар туғызып отыр. Доссорлық белсенді Ғазиз Ғабдуллиннің пікірінше, бұл конструкциялар тым жеңіл көрінеді әрі сенімді емес.

- Автобус күтушілерге арнап аялдамалар салу көптен айтылып келе жатыр еді. Жоба құны аз қаржы емес. Міне, аялдамалардың көрінісі, темірден салып жатыр. Темір болғанда жеңілдеу, желден салдырлап жатыр. Қыруар қаржы шығарылған аялдамалар атына заты сай емес. Бұлар қатты желде ұшып та кетуі мүмкін, әлсіз, - дейді ол.

Мақат аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Нұрболат Бөлеков бұл пікірмен келіспейд. Ол тас төсеніштер төселіп,  аялдамалар сырланып, желге төзімді мықты болатынын сендірді. 

Жаңа аялдамалардың құны ақталды ма, жоқ па, тұрғындар жоба толық аяқталғаннан кейін ғана бағалай алады.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Бүгін, 12:28

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью