Qazaq24.com, Arasha.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..
Александр Донцов 2024 жылдың жазында Германияда денесі табылған жұбайы Айгүл Сайлыбаеваның өліміне қатысы бар деген айыптарға алғаш рет жария түрде түсініктеме берді. Ер адам әйелінің қазасына ешқандай қатысы жоқ екенін алға тартады, деп хабарлайды Arasha.kz.
«База» басылымына берген сұхбатында Донцов соңғы айларда өзіне және туыстарына қатты қысым көрсетіліп жатқанын айтты. Оның сөзінше, белгісіз адамдар қоңырау шалып, хабарлама жазып, үйіне өздерін адвокат, полицей немесе журналист ретінде таныстырып келеді. Олар оны әйелін өлтіруші деп атап, дөрекілік көрсетіп, қоқан-лоқы жасайтын көрінеді.
Донцов өзіне қарсы ресми айып тағылмағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, Германияда тергеу жалғасып жатыр, алайда ол іздеуге жарияланбаған және іс бойынша айыпталушы ретінде өтпейді. Ер адам қасіретті оқиғадан кейін қызымен бірге Мәскеуге еркін кете алғанын айтып берді. Қазір ол Мәскеуде жұмыс істейді және тергеу органдарының сұрауы бойынша Ресейдің Тергеу комитетіне жауап беруге баратынын жеткізді.
Донцовтың нұсқасы бойынша, Айгүл Сайлыбаева 2024 жылдың 4 маусымында жоғалып кеткен. Таңертең жұмысқа кетерде әйелін көрген, ал кешке үйге оралғанда пәтерде тек кішкентай қызының ғана қалғанын байқаған. Жұбайы қоңырауларға жауап бермеген. Осыдан кейін ол полицияға жоғалғаны туралы арыз жазып, іздестіру шараларына қатысқан. Әйелдің денесі 16 маусымда табылды.
Ер адамның айтуынша, басында неміс полициясы одан куәгер ретінде жауап алған, ал кейінірек оған іс бойынша «зардап шегуші» мәртебесі берілгені туралы хабарлаған. 2024 жылдың күзінде пәтер жалдау мерзімі аяқталып, көмек болмағандықтан Германиядан кеткенін айтты. Кейінірек Донцов Германия прокуратурасынан тергеудің өзіне таныс емес басқа күдіктіге қатысты жүріп жатқаны туралы хат алған.
Сонымен қатар, Донцов Қазақстанда өзіне қарсы «Қинау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Ол бұл істі қолдан жасалған және Айгүлдің туыстарының айғақтарына негізделген деп санайды. Ер адам жұбайына ешқашан күш көрсетпегенін айтады.
Ал қаза тапқан әйелдің туыстары мен қорғаушылары басқа нұсқаны алға тартуда. Олар неміс тергеуіндегі басты күдіктілердің бірі Айгүлдің енесі - Наталья Донцова екенін мәлімдеді.
Сайлыбаеваның жақындары бұл отбасының берекесі болмағанын айтады. Олардың сөзінше, Айгүл мен оның күйеуі және енесі арасында жиі ауыр жанжалдар туындап тұрған.
Әйелдің өліміне қатысты тергеу жалғасуда. Германияның құқық қорғау органдары істің егжей-тегжейін ресми түрде жариялаған жоқ.