Мас жүргізушілер, куәліктен айыру және өлім жітімнің азаюы: ІІМ сандарды жариялады

03.07.2026

Tengrinews.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..

Қазақстанда адам өліміне әкелетін жол-көлік оқиғаларының саны азайды. Ішкі істер министрлігі мәліметінше, жыл басынан бері жолда қаза тапқандар саны 20 пайыз азайған, деп хабарлайды Tengri Auto тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Сонымен қатар жол апаттары азайған. Олардың саны 4 пайыз, ал зардап шеккендер саны 7 пайыз төмендеді.

Дегенмен жол ережесін бұзатындар азаяр емес. Жыл басынан бері полицейлер көлікті мас күйде басқарған 12 мыңға жуық жүргізушіні ұстады.

Сонымен қатар 14 мыңнан астам адам сот шешімімен жүргізуші куәлігінен айырылды.

Естеріңізге сала кетейік, Алматыда көлікті мас күйде жүргізудің 1 319 дерегі анықталған.

Жаяу жүргіншілер де ережені жиі бұзады. Ведомство мәліметінше, жыл басынан бері жолды белгіленбеген жерден кесіп өткені және басқа да жол жүру қағидаларын сақтамағаны үшін 245 мыңнан астам адам жауапкершілікке тартылған.

Тасжолдағы өлім-жітім көрсеткіші төмендеді

2026 жылдың алғашқы бес айында Қазақстанның республикалық маңызы бар тасжолдарында адам өлімімен аяқталған апаттар саны 26,8 пайыз азайды. Мұндай мәліметті Көлік министрлігі жариялады.

Мәліметке сәйкес, республикалық маңызы бар тасжолдардағы апаттар саны 5,2 пайыз - 1214-тен 1151 жағдайға дейін қысқарды. Зардап шеккендер саны 8,2 пайыз - 2376-дан 2181 адамға дейін азайды.

Жол апатының айтарлықтай төмендеуі Астана – Щучинск және Астана – Қарағанды учаскелерінде тіркелді. 2025–2026 жылдардағы қысқы кезеңде бұл жерде 27 жол-көлік оқиғасы болды, ал бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 57 болған еді. Сондай-ақ есепті кезеңде жолдың бұл бөліктерінде адам өлімі тіркелген жоқ, ал 2024–2025 жылдардың қысында тоғыз адам апат құрбаны болған еді.

Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз

Жазылу

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью