Tengrinews.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
Ақтөбе облысында "Қауіпсіз жол" рейдтік іс-шарасы барысында 300-ден астам автокөлік айыптұраққа жөнелтілді, деп хабарлайды Tengri Auto.
Полиция мәліметінше, 11-19 шілде аралығында өңірде 3 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылық анықталған.
Жүргізушілер көбінесе рөлде отырып телефон пайдаланғаны үшін жауапқа тартылған - мұндай 343 жағдай тіркелді. Сонымен қатар 179 адам көлікті жүргізуші куәлігінсіз басқарса, 55-і қарсы бағытқа шығып кеткен, ал 21 жүргізуші көлік басқару құқығынан айырылғанына қарамастан рөлге отырған.
Мас күйдегі жүргізушілер тәртіп сақшыларының ерекше алаңдаушылығын тудырып отыр. Жедел-профилактикалық іс-шара кезінде 62 адам ұсталды. Полиция мәліметінше, олардың 12-сі есірткіге мас болған.
Барлық құқықбұзушыға қатысты Қазақстанның қолданыстағы заңнамасына сәйкес шаралар қабылданды.
Бұдан бөлек, заңнаманы өрескел бұзғаны үшін 316 көлік құралы арнайы тұраққа қойылды.
Еске сала кетейік, 11-16 шілде аралығында еліміздің барлық аумағында "Қауіпсіз жол" жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті. Рейд аясында полицейлер жол қозғалысы ережелерінің сақталуына бақылауды күшейтіп, аса қауіпті құқықбұзушылықтарды анықтады. ІІМ дерегі бойынша, іс-шараның алғашқы күндерінде ғана көлікті мас күйде басқарудың 300-ден астам жағдайы, қарсы бағытқа шығудың 260 дерегі, жолаушылар мен жүк тасымалдау ережелерін бұзудың 850-ден астам оқиғасы тіркелген. 1,5 мыңнан астам автокөлік арнайы тұрақтарға қойылды.
Бұған дейін Ақтөбеде куәлігінен айырылған жүргізуші есірткіге мас күйде ұсталғаны хабарланған болатын.
Тағы оқыңыз: Сот 89 қазақстандықтың жүргізуші куәлігінің күшін жойды
Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз
Жазылу