Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Автомагистральда тоқтау жүргізушілер үшін, әсіресе қараңғы және ауа райы қолайсыз кезде қауіпті болуы мүмкін. "ҚазАвтоЖол" мұндай жолдарда қай жерде тоқтауға болатынын және жолда көлік бұзылған жағдайда не істеу керек екенін еске салды, деп хабарлайды Tengri Auto.
Жол жүру ережелерінде автомагистральда тоқтауға тыйым салынғаны нақты көрсетілген. Тоқтау үшін "Тұрақ орны" немесе "Демалыс орны" белгілері қойылған арнайы орындар қарастырылған.
Фото: depositphotos.com. 5.15 "Тұрақ орны" белгісі.
Фото: depositphotos.com. 6.11 "Демалыс орны" белгісі.
Бұл талап "Автомобильдерге арналған жол" белгісі бар жолдарда да қолданылады.
Тоқтау қажет болған жағдайда не істеу керек?"Қараңғыда, жаңбыр немесе қар жауған кезде жол жиегінде тұрған көлікті алыстан байқау қиындайды. Әсіресе көлік ағынына қараған жақтан түсу немесе жүріс бөлігіне жақын тұру қауіпті. Сондықтан сапар кезінде демалысты алдын ала жоспарлап, арнайы орындарда аялдаған жөн", - деп атап өтті "ҚазАвтоЖол".
Айталық, автомагистральда көлігіңіз бұзылып қалды, ал жақын маңдағы тоқтау алаңына дейін әлі алыс. Мұндай жағдайда мына ережелерді сақтау қажет:
апаттық жарық сигналын қосыңыз; көлікті жүріс бөлігінің оң жақ шекарасын белгілейтін сызықтан асырып, жол жиегіне шығарыңыз; апаттық тоқтау белгісін қойыңыз, белгі жақындап келе жатқан көліктерге көрінетіндей 30 метр қашықтықта орналастырылуы тиіс.Көліктен шығар алдында жарық шағылыстыратын кеудеше киіңіз. Мүмкіндігінше көлік ағынына қарама жақтағы есіктен түсіп, қоршаудың арғы жағындағы қауіпсіз орынға өтіңіз. Жолдың қозғалыс жолақтарын кесіп өтпеңіз.
Шұғыл көмек қажет болсған жағдайда 112 нөміріне қоңырау шалыңыз. Сондай-ақ республикалық маңызы бар жолдардағы жағдай туралы 1403 байланыс орталығынан ақпарат алуға болады.
Тағы оқыңыз: Дөңгелек жарылып, қозғалтқыш өшіп қалса: Қазақстан тасжолдарында қалай көмек алуға болады?
Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу