Aikyn.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Өткенді оқу жай қызығушылық емес, сол кезеңді түсінудің бір жолы деп білеміз. Әсіресе оқиғаларды өз көзімен көрген адамдардың естеліктері бұл тұрғыда ерекше маңызға ие. Олар ресми деректерде көрінбейтін жағдайларды, күнделікті өмірдің нақты көріністерін және процестердің қалай жүргенін ашып береді. Осы тұрғыдан алғанда Евгений Брусиловскийдің естеліктері (Воспоминания. Е. Брусиловский. - Алматы: Өлке, 2022) құнды дереккөз ретінде қарастырылады. Бұл жазбалар арқылы сол кезеңдегі Алматыдағы өнердің қалыптасу үдерісін ішкі жағынан көруге мүмкіндік тумақ. Мұнда тек фактілер ғана емес, нақты адамдар, олардың іс-әрекеті, қиындықтары мен ізденістері көруге болады.
Автор отызыншы жылдардағы кезді еске алып отырып, музыкалық-драма техникумды қазақ өнеріне маман даярлауға арналған оқу орны ретінде атаса да, бірақ оның нақты жағдайы бұл міндетке толық сәйкес келмегенін көрсетеді. Оқу орнының жұмысы жүйелі ұйымдастырылмаған, оқу процесі тұрақты деңгейде жүргізілмеген дейді. Сондықтан техникум атауы болғанымен, мазмұны жағынан толық қалыптасқан кәсіби мекеме деңгейіне жете алмаған деп жазады. Брусилвоский мұнда негізгі мәселе тек тұрмыстық немесе материалдық жағдайда емес. Автор оқу сапасының әлсіздігін, даярлықтың жеткіліксіздігін көрсетеді. Студенттерге берілген білім олардың кейін кәсіби ортада орнығуына жеткіліксіз болғаны аңғарылады.
Осылайша, техникум белгілі бір қажеттіліктен туғанымен, оның жұмысы толық жолға қойылмаған, нәтижесі де шектеулі болған екен. Кейінгі ойын түлектердің тағдырына арнайды.
Техникумды бітірген студенттер белгісіздікке сіңіп жоғалып кететін, тек әнші Мүсілім Абдуллин ғана оқуын аяқтағаннан кейін өнердегі жолын жалғастыра алды. Қыздар болса, әдетте, техникумды бітірмей тұрып немесе бітіргеннен кейін тұрмысқа шығып, тез арада отбасы қамымен кетіп, өнермен байланысын мүлде үзетін. Есімде, техникумда болашағынан үміт күттірген қабілетті пианист Уайда Адамова оқыды. Мен тіпті оған арнап бірнеше фортепианолық пьеса да жазған едім. Бірақ ол қазір қайда? Бұл есім әлдеқашан жұрттың жадынан өшкен.
Муздрамтехникумның педагогтері туралы айту одан да қиын. Негізінен, оларды тағдырдың тәлкегі педагогикалық жұмысқа, күнкөріс үшін жалақы табатын орын ретінде айдап әкелген адамдар еді. Рас, ұстаздар қолдан келгенше пайдалы іс жасауға тырысты. Бірақ техникумға түсушілердің мүлде дайындықсыз келуі және педагогтердің өз мүмкіндігінің де аса жоғары болмауы, ақыр соңында, ешқандай үміт күттірмейтін.
Ары қарай аса қызықты мәліметтерді жазады. 1935 жылы Мәскеу консерваториясы жанынан қазақ студиясы ашылады. Бұл студияға үміткерлер муздрамтехникумнан іріктелген. Сол кезде іріктеуге колхоздан келген, жалаңаяқ, күнге күйген бір жігіт барыпты. Орысша мүлде білмегенімен, ол музыка оқуға қатты ынта білдіріп, өзін Мәскеуге жіберуді өтінеді. Домбыра да, фортепиано да тартпаған, нотаны да білмеген. Бірақ музыкалық қабілеті анық байқалған: берілген ырғақтарды қарындашпен дәл қайталап, әуендерді таза айтып бере алған. Жалпы қабілеті бар болғанымен, нақты мамандығы жоқ болғандықтан, оны әнші ретінде жіберу шешіледі. Киіндіріп, Мәскеуге аттандырады, әрі қарай өздері реттейді деген ұстаным болды.
Осыдан кейін Мәскеудегі студияға қазақтың дарынды жастарын жіберу дәстүрге айналады. Бастама жақсы көррінгенімен, үлкен кемшілік болғанын да жазады Евгений Григорьевич. Мәскеуге кеткен кадрлар қайта оралмай, сол жақта қалып қоятын. Бұл үрдіс 1941 жылға дейін жалғасып, тек соғыс тоқтатты дейді. Соғыс соңында Қазақстанда кәсіби өнер деңгейі өсіп, Алматы консерваториясы ашылғаннан кейін Мәскеу студиясы жабылыпты.
1935–1936 жылдар кезеңі Алматының көркем өміріндегі көптеген басқа да елеулі оқиғалармен ерекшеленді. Едәуір өсіп, нығайған Қазақ халық аспаптары оркестрінің (ҚазЦИК атындағы) негізінде А.К.Жұбановтың көркемдік жетекшілігімен Қазақ мемлекеттік филармониясы ұйымдастырылды, ол осы үшін муздрамтехникумдағы жұмысын тастады. Филармонияның алғашқы директоры Хамза Есенжанов болды. Бұл жас, талантты жазушы, өсіп келе жатқан қазақ интеллигенциясының үздік өкілдерінің бірі еді, ол Т.Жүргеневтің ойынша өз қатысуымен филармонияға тиісті бедел беруі тиіс болатын.
Келесі директор Ж.Кусмангалиев болды. Өмірбаяны қызық адам. Ол өз жолын қазақ драма театрында актер болып бастаған. Алайда актер мамандығы жағынан мардымды ештеңе шықпай, филармония директоры болып тағайындалды. Бірақ бұл қызметте де жетістікке жете алмады. Кусмангалиев өнерден көңілі қалып, милицияға қызметке ауысты, сол жерде ол айтарлықтай нәтижелерге жетіп, милиция генерал-майоры жоғары атағына дейін көтерілді. Біздің театрларда қаншама талантты милиционерлер босқа кетіп жатыр десеңізші.
Филармонияның құрылуы нәтижесінде ұлттық эстрадалық өнер қалыптасты деп жалғастырады ойын Брусиловский. Оның көрнекті өкілдері ретінде Жамал Омарова, кейін Шара Жиенқұлова аталады. Филармонияның қызметі кеңейіп, ол концерттік, эстрадалық және үгіт-насихат бағыттарын біріктірген ірі ұйымға айналды. Мұнда қазақ халық аспаптар оркестрі жұмыс істеп, ұлттық аспаптық музыканы насихаттап, халық музыкасын жинау, зерттеу және өңдеу ісі А. Жұбановтың жетекшілігімен жүргізілді. Сонымен қатар әртүрлі жанрдағы әншілер, домбырашылар, бишілер, жүргізушілер, тіпті цирк әртістері қатысқан үлкен концерттік-эстрадалық жұмыс жолға қойылған екен. Арнайы концерттік бригадалар Қазақстанның кең аумағын аралап, гастрольдер ұйымдастырылды, сондай-ақ Ресей мен басқа республикалардан келген эстрада шеберлерінің өнер көрсетуі қамтамасыз етілді.
Осындай күрделі әрі ауқымды қызмет филармония басшыларының біріне, яғни Ілияс Шаймерденовке көлік алу мәселесін көтеруге негіз болды. Автокөлікке қаражат жетпегендіктен, концерттік қызмет үшін көлік аса қажет болса да, мемлекеттік мекемелер алдымен жылқы алуға рұқсат береді. Кейін арба (экипаж) сатып алуға, одан соң ат қора салуға қаржы бөлінеді. Соның нәтижесінде біртіндеп арбакешке, жем-шөпке, әбзелдерге және тағаларға шығындар пайда болады. Бірақ істің соны сәтсіз аяқталды дейді Евгений Брусиловский.
Бұдан кейінгі ой Темірбек Жүргеневке қатысты:
...Келесі күні, мен Алматыға қайтып келгенімнен кейін, Наркомпросқа бардым. Біздің нарком Темірбек Жүргеневтің мінезі қатал әрі талапшыл болатын. Оның сырт келбеті қолбасшыныкі еді. Орта бойлы, мығым денелі, сүйегі ірі. Басында жастығына қарамастан ағара бастаған шашы бар. Қалың қастың астынан кішкентай, қатал көздері анық көрінеді. Қырсық мұрны мен әрдайым алға шығыңқы, наразы кейіптегі төменгі ерні оның болмысын айқындайды. Ол бірден ерік-жігері мықты, қыңыр әрі әрекетшіл адам әсерін қалдырады. Ол Наркомпростың өз мәселелерінен бөлек, қазақ музыкалық театрының репетицияларына қатысып үлгеретін, Сәкен Сейфуллинмен оның «Қызыл сұңқарлар» пьесасы жөнінде жергілікті газеттер бетінде өткір пікірталас жүргізетін, Байсейітовтер мен Жандарбековтердің өмір салтын бақылап отыратын, либреттолар мен пьесаларды оқып, түзететін, кезекті қойылымдарға арналған суретшілердің эскиздерін қарап, талқылайтын және тағы басқа көптеген істермен айналысатын.
Ары қарай автор Жүргеневтың жұмысын сипаттап шығады. Оның жазуынша, нарком әңгімені әрдайым қарсы отырған адам бір нәрсені дұрыс істемегендей немесе мүлде істемегендей бастап, бірден жауапкершілік жүктейтін. Одан қорқатын, бірақ сонымен қатар ұлттық өнерге деген шынайы жанашырлығы үшін құрметтейтін. Ол бұл салаға көп уақыт бөліп, үнемі назар аударып жүрді. Сөзі көп емес, бірақ әрдайым нақты, анық және шешімді болатын дейді.
Осы жолғы қабылдаудан кейін Жүргенев Брусиловскийге ел аралап, өнерлі жастарды тауып, оларды жинап әкелуді тапсырған екен.
Назар аударыңыз: Бұл мақала авторлық құқықпен қорғалған. Мәтіннің толық нұсқасын көшіру, тарату немесе басқа басылымдарға жариялағанда авторы көрсетіп, Аikyn.kz сайтына белсенді гиперсілтеме беру міндетті. Мақаланың жекелеген бөліктерін пайдаланғанда да осы талап сақталуы тиіс.