Мәслихат депутаттарына бюджетке түзету енгізу уәкілетін беретін заң жобасы мақұлданды

22.04.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..

Құжатты таныстырған депутат Екатерина Смышляева заң жобасы жергілікті халықтың жиын өткізу талаптарын регламенттейтінін айтты.

– Жиын өткізуге бастама көтерушілер үшін хабарлама тәртібі енгізіледі. Аумақтық кеңестердің құрылу тәртібі мен функциялары нақтыланды. Бұған дейін аумақтық кеңестер туралы норма іс жүзінде жұмыс істемей, қолданылмай келген. Бұл ірі ауылдар мен қала тұрғындарының басқаруға көбірек қатысуына мүмкіндік береді, - деді ол. 

Баяндамашы ұсынылып отырған нормалар мәслихаттардың рөлін күшейтетінін айтады. 

Нақтырақ айтсақ мәслихат депутаттарына мынандай уәкілеттіктер берілмек: 

– Депутаттар әкімнің халықпен кездесуінен кейін қабылданған жоспардың орындалуын бақылауға қатысады; 

– Депутаттарға бюджетке түзетулер енгізуді бастамашылық ету, бюджет комиссиясының жұмысына қатысу және басқа да мүмкіндіктер беріледі; 

– Мәслихаттардың коммуналдық объектілерді басқаруға қатысуы кеңейтіледі; 

– Мәслихат депутаттарының депутаттық сауалдары енді ашық түрде жария етіледі; 

– Мәслихат депутаттарының іссапар шығындарын өтеу қарастырылған. 

Екатерина Смышляева мәслихат таратылған жағдайда тұрақты негізде жұмыс істейтін депутаттарға төлемдер берілетінін атап өтті. 

– Мәслихат аппараты басшысын тағайындау және қызметінен босату тәртібі белгіленеді. Енді бұл құзырет тікелей мәслихат төрағасына беріледі, - деді депутат.

Заң жобасына өңірлердің қаржылық дербестігін күшейтуге бағытталған нормалар енгізіліп отыр.

Жергілікті бюджеттерге тағы үш түрлі төлем мен айыппұл берілмек.

– Осылайша жергілікті өзін-өзі басқару органдары қаражатты бөлуге және шешім қабылдауда көбірек еркіндік алады. Мәслихат қызметінің ашықтығын арттыру және цифрландыру көзделіп отыр. Мысалы сессияларды онлайн көрсету, құжаттарды жариялау және хат алмасуды жүргізу талаптары енгізіледі. Заң жобасы арқылы депутаттардың жауапкершілігі күшейтіледі және мәслихат төрағасының өкілеттік мерзімі шектеледі, - деді Екатерина Смышляева.

Еске салсақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында әкімдіктегі бюджеттік комиссияның құрамына білімді, беделді мәслихат депутаттарын қосуды ұсынған еді. 

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью