Мәжіліс депутаттары жаңа Конституция жобасына қолдау білдірді

05.02.2026

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..

Сонымен қатар олар жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау туралы заңды екінші оқылымда қабылдап, ЕАЭО аясында Моңғолиямен жасалған уақытша сауда келісімін ратификациялады. 

Депутат Ермұрат Бапи атап өткендей, жаңа Конституция жобасының сипаты, ең алдымен сыртқы қатерлерге қарсы тұру­ға, мемлекеттілікті, қауіпсіздігіміз бен тә­уел­сіздігіміздің тұрақтылығын нығайтуға ба­ғытталған. Онда ұсынылған өзгерістердің барлығының мақсаты – халқымыздың бірлігін сақтау, өсіп-өркендеген қуатты мемлекет құру. 

Ирина Смирнова өз сөзінде жаңа Кон­сти­туция преамбуласы жобасының маңыз­дылығына тоқталды. Онда әді­лет­ті қоғам құру басты бағдар ретінде ай­қын­далған. Бұл ұғым мүмкіндіктердің әділеттілігі, заң алдындағы әділеттілік және игіліктерді әділетті бөлу сынды бірнеше бағытты қамтиды. 

Еркін Әбіл жаңа Конституция жобасында тарихи сабақтастық қағидаты негізгі орын­дардың бірінде деп атап өтті. Мұның айқын дәлелі – құжатта «Ұлы дала» ұғымының көрініс табуы. Сонымен бірге ұлттық егемендіктің иесі әрі биліктің нақты субъектісі ретінде Қазақстан халқы танылады, бұл жаңа Конституцияның негізгі тіректерін құрайды.  

Қазыбек Иса Негізгі заңның жаңа редак­циясындағы басты ерекшелік ре­тінде адам құқықтарына басымдық беріл­генін атап өтті. Сондай-ақ маңызды жаңа­лықтың бірі – халықаралық шарттарға қарағанда ұлттық заңдардың жоғары тұруы, яғни халықаралық міндеттемелерді ұлттық мүдделер сүзгісі арқылы іске асыру екеніне тоқталды. 

Бақытжан Базарбек жаңарған Ко­нституция жобасында Қазақстан жерінің, оның қойнауы­ның, суларының, өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің, сондай-ақ барлық табиғи ресурс­тарының халыққа тиесілі екені туралы норма сақталып, басты орынға шығарылғанын атап өтті. Сонымен қатар Президенттің тапсырмасы бойынша жер қатынастары саласында жүйелі әрі қатаң тәртіп орнатылып жатқанын айтты. 

Өз кезегінде Айтуар Қошмамбетов жаңа Конституция жобасының меншік құқығын қорғау сынды практикалық аспектісіне тоқ­талды. Құжат бұл саланы рет­теуді түбегейлі жаңа деңгейге көте­ріп, бизнеске, азаматтарға және сот жүйесіне айқын әрі түсінікті бағдар қалыптастырады. Депутат атап өткендей, аумақтарды дамытудың арнайы құқық­тық режимдерін құру мүмкіндігі ин­вес­тициялар мен технологиялар үшін жаһандық деңгейдегі бәсекеде Қазақ­станның басымдығына айналады.

Нұрлан Әуесбаев жобада қамтылған өз­герістер қоғамда ұзақ уақыт бойы талқыланған. Атап айтқанда, бір палаталы Парламентке көшу күрделі әрі ауыр заң шығару жүйесінен бас тартып, қоғам үшін қарапайым әрі жауапты модельге өтудің қажеттілігінен туындап отыр. Ал жаңа кеңес орган – Халық Кеңесін құру азаматтарға жеке ұсыныстарын еркін білдіруіне жол ашып, қоғам мен мемлекет арасындағы байланысты нығайтады. 

Ерболат Саурықов жаңа Конституция жобасында Қазақстан Республикасы адами капиталды, білім беруді, ғылым мен инновацияларды дамытуды мемлекеттің стратегиялық бағыты деп танитыны анық жазылғанына назар аударды. Депутаттың пікірінше, қазір дәл осы «білім экономикасы» әлемдегі қозғаушы күш саналады, ал адами капиталды дамыту бағытын конституциялық деңгейде бекіту елімізге халықтың әл-ауқатын дамыту мен арттыруда серпіліс жасауға жол ашады.

Мақсат Толықбай қолданыстағы Консти­туцияның тіпті заңгерлер үшін де күрделі тілмен жазылғаны, ал жаңа Ата Заң жобасында барлық баптар айқын әрі баршаға түсінікті тілмен жазылғанын атап өтті. Онда мемлекет пен діннің ара-жігі нақты ажыратылғанын, бұл барлық конфессияларға тең қараудың құқықтық кепілдігін қамтамасыз ететінін атап өтті. Сонымен қатар Конституцияда алғаш рет цифрлық қауіпсіздікке назар аударылғанын, ол 1995 жылғы құжаттың редакциясында жоқ екенін айтты. Бұған қоса, Миранда ережесі бекітілгеніне, неке ұғымы ер мен әйелдің одағы ретінде нақтыланғанына мән берді. 

Жалпы отырыста Мәжіліс 2025 жылғы 28 қазанда Минск қаласында қол қойылған Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және Моңғолия арасындағы уақытша сауда келісімін ратификациялады. Оны де­пу­таттарға Сауда және интеграция ми­нистрінің міндетін атқарушы Жанель Кушукова таныстырды. 

Жұмыс тобының жетекшісі Ұлықбек Тұмашиновтың айтуынша, келісім ЕАЭО ел­дері мен Моңғолия арасындағы сауда байла­ныстарын дамыту мен нығайтуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, қазақ­стандық тауарларды Моңғолия нарығына ілгерілету үшін қолайлы жағдайлар жасалады. 

Депутаттар бастамашы болған еңбек қауіпсіздігін жетілдіру, жұмыскерлердің еңбек құқығын қорғау және әлеуметтік қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі заң екінші оқылымда қабылданды. Жұмыс тобының жетекшісі Ерлан Саиров атап өткендей, заң аясында ұжымдық шарттың мазмұны тиісті кәсіп пен лауазым бойын­ша ең жоғарғы және ең төменгі жалақы мөлшерлерінің арақатынасы міндетті талаптармен толығады. 

– Депутаттар ұжымдық келісімшартқа жұмысқа байланысты апаттық жағдайлар кезінде төленетін жәрдемақылар мен өтемақы­ларды қоса алғанда, төлемдер туралы ережелерді енгізуді көздейтін түзетулер ұсынды. Сонымен қатар «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске енгізілген өзгерістер арқылы уәкілетті органға өндірістік жарақаттың ауырлық дәрежесін айқындау қағидаларын бекіту құзыреті беріледі, – деді Ерлан Саиров. 

Сондай-ақ құжат келісу комис­сиясының жұмысына делдал тартуды және оның қаты­су тәртібін реттейтін нормалармен толы­ғады. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі маманның ұйымның бірінші бас­шы­сына тікелей бағынуы бекітіліп, оған қауіп­сіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету жауап­кершілігі жүктеледі. 

Бұдан бөлек, жас балаларды нақты күтіп-бағу уақыты жұмыс істемейтін әкелер үшін жа­сына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау кезінде еңбек өтілі ретінде есеп­телетін болады. Бұл Конституциялық Соттың нормативтік қаулысын іске асыру мақсатымен Әлеу­меттік кодекске тиісті нақтылаулар енгізу арқылы жүзеге асырылады. 

Сонымен қатар депутаттардың ұсы­нысы бойынша жынысына қарамастан, жалғыз басты ата-аналарға қатысты жұмыс берушінің бастамасымен еңбек шартын бұзуға тыйым салынады. Ол үшін «жалғызбасты аналар» термині «жалғызбасты ата-ана» ұғымымен ауыс­тырылады. 

Жалпы отырыста комитеттер психо­логия­­лық қызмет туралы, Қазақстан Рес­публикасы арнаулы мемлекеттік органдарының қыз­меті мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы, Қазақстан Рес­пуб­ликасының Үкіметі мен Аустрия Рес­публикасының Федералдық Үкіметі ара­сындағы заңсыз жүрген адамдарды реад­миссиялау және транзиттеу туралы келісімді ратификациялау туралы жаңа заң жобаларын жұмысқа қабылдады.

Депутаттар әлеуметтік және эко­номикалық өзекті мәселелер бойынша мемлекеттік ор­гандарға 15 депутаттық сауал жолдады. Олар барлығы Мәжілістің ресми сайты мен Telegram-арнасында жарияланды.

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью