Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Чжао Лэцзи Астанаға Мәжіліс спикерінің шақыруымен келді. Мәртебелі мейманды қарсы алған Ерлан Қошанов бұл сапардың тарихи маңыздылығын атап өтіп, Қытай Қазақстанның тату көршісі әрі сенімді серіктесі екеніне тоқталды.
– Бүгінде Қытай Халық Республикасы қарқынды дамып келеді. Ол – әлемдегі экономикасы ең ірі және озық елдің бірі, халықаралық саясаттың негізгі қатысушысы. Біз үшін Қытаймен мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестікті дамыту өте маңызды. Екіжақты қатынасымыз жаңа «алтын 30 жылдыққа» қадам басты. Бұл – Қазақстан мен Қытай көшбасшыларының жеке үлесінің, олардың берік достығының, тұрақты кездесулерінің нәтижесі. Өткен жылы біздің мемлекеттеріміздің басшылары екі рет кездесті. Осы диалогтардың әрқайсысы қазақ-қытай қарым-қатынасының дамуына қуатты серпін берді, – деді Мәжіліс спикері.
Ерлан Қошанов Қазақстан мен Қытай парламенттері екі ел көшбасшылары айқындап берген бағдар бойынша сенімді серіктестікті одан әрі дамыту үшін бар күш-жігерін салып жатқанын атап өтті. Ауқымды ынтымақтастық пен заң шығару саласында тәжірибе алмасу барлық деңгейде жолға қойылып, Қазақстан-Қытай достық топтары белсенді жұмыс атқаруда.
Мәжіліс төрағасы қытайлық әріптесіне елімізде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Әділетті және Прогрессивті Қазақстан құру жолында кезең-кезеңімен іске асып жатқан ауқымды реформалар туралы айтып берді. Республикалық референдумда азаматтардың басым көпшілігі қолдаған жаңа халық Конституциясының қабылдануына ерекше назар аударылды. «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» қағидаты оның өзегіне айналды. Сонымен қатар жаңа Ата заң бір палаталы Парламентке – Құрылтайға көшуді, сондай-ақ Вице-Президент пен Халық Кеңесі сияқты жаңа институттардың құрылуын бекітті.
Екіжақты ықпалдастық туралы айта келе, Мәжіліс спикері елдер арасындағы партияаралық ынтымақтастық қарқынды дамып жатқанын атап өтті. Бұл да стратегиялық әріптестікті нығайтуға септігін тигізеді. Әңгіме барысында ол Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысының депутаттарын Қытай Коммунистік партиясына 105 жыл толуымен құттықтады.
Ерлан Қошанов заң шығару жұмысына тоқталып, 2026 жыл Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланғанына мән берді. Мемлекет басшысының алдағы үш жылда елімізді цифрлық мемлекетке айналдыру жөніндегі стратегиялық мақсатын іске асыру үшін Парламент депутаттары жасанды интеллект туралы заң мен Цифрлық кодексті әзірлеп, қабылдады. Бұл ретте Қазақстан депутаттары әлемдегі ең ірі цифрлық державаның бірі саналатын Қытаймен осы бағыттар бойынша тәжірибе алмасуға қызушылық танытып отыр.
Өз кезегінде, Қытай Халық Республикасы Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Чжао Лэцзи қазақстандықтарды референдумның жемісті өтуімен және жаңа Конституцияның қабылдануымен құттықтап, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен Әділетті Қазақстан құру мақсатына қол жеткізілетініне сенім білдірді. Сондай-ақ ол қазақстандық әріптестеріне алдағы бір палаталы Құрылтай сайлауында табыс тіледі.
Чжао Лэцзи Қытай тарапы дәстүрлі достық пен жоғары деңгейдегі өзара сенімді Қытай мен Қазақстан халықтарының игілігі жолындағы ынтымақтастықтың нақты нәтижелеріне айналдыруға бағытталған екі ел басшыларының маңызды келісімдерін іске асыру үшін бар күш-жігерін салуға дайын екенін айтты.
Тараптар сондай-ақ инвестиция, энергетика, сауда, логистика және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты заңнамалық тұрғыда қолдауға қатысты көптеген мәселені талқылады.
Қытай Халық Республикасы Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитеті төрағасының ресми сапары аясында Сенат спикерімен кездесу, Астанадағы бірқатар іскерлік және мәдени нысандарға бару жоспарланған.