Sputnik.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..
АСТАНА, 3 маусым – Sputnik. Депутат Болат Нажметдинұлы Қазақстанға кіретін Қытай көліктерінен қосымша ақы алуды ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгінде Қазақстанда тіркелген автокөлік Қытай аумағына кірген кезде бірнеше рәсімнен өтуге міндетті. Атап айтқанда, уақытша жүргізуші рұқсатын алу, уақытша тіркеу, арнайы нөмір және сақтандыру рәсімдері бар. Бұдан бөлек, құжаттарды аудару және нотариалдық қызметтеріне де ақы төлеу керек. Ал көлік Қытай аумағында қалып қоймауы үшін кепілдік және бақылау шаралары қолданылады.
"Бұл рәсімдердің барлығы ақылы негізде жүргізіледі, яғни арнайы қызметкерлердің шығынын өтейді. Қазіргі мәліметтер бойынша бір автокөлікке қатысты барлық рәсімнің құны шамамен 8-9 мың юаньды құрайды. Бұл бүгінгі бағаммен шамамен 560 мың теңге. Яғни Қытай тарапы шетелдік көліктерді бақылап қана қоймай, бұл рәсімдерден ресми кіріс қалады", - деді Нажметдинұлы мәжілістің бүгінгі отырысында.
Ал Қазақстан аумағына кіретін шетелдік, соның ішінде Қытай көліктеріне қатысты рәсімдер айтарлықтай жеңілдетілген. Көп жағдайда тек уақытша әкелу кеден рәсімінен өту керек. Ол қызмет те тегін.
Қазіргі мәліметке сәйкес, соңғы бір жарым жылдың ішінде Қазақстан аумағына 8 мыңнан астам Қытай автокөлігі кірген.
"Егер Қазақстан да осындай тең тәсілді қолданса, онда тек осы көлемнің өзінен бюджетке және қызмет көрсетуші инфрақұрылымға шамамен 5 млрд теңге көлемінде қосымша түсім қалыптасуы мүмкін еді және шекара мен кеден қызметкерлерінің шығынын өтеуге мүмкіндік пайда болар еді. Әңгіме туризмді шектеу туралы емес. Әңгіме - тең құқықтық тәсіл, қауіпсіздік, бақылау және мемлекеттік шығындардың өтелуі туралы болып тұр", - деп атап өтті депутат.
Осыған байланысты Нажметдинұлы үкімет басшысына депутаттық сауал жолдап, Қытай тарапы қолданатын талаптарға сәйкес келетін теңгерімді тәсіл әзірлеуді сұрады.