Azh.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..
Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршиннің «Матен Петролеум» АҚ бас директоры Лю Цзиньчэнді қазақстандық өндірушілермен жұмыс істеуіне қатысты өткір сөзінен кейін редакция компанияға ресми сауал жолдады.
Оған компания басшысының Мәжіліс комитетінің отырысында берген жауабы себеп болды. Ол кезде отандық тауар өндірушілерді қолдау туралы айта отырып, алты компаниямен ұзақ мерзімді келісімшарт жасалғанын мәлімдеді.
Алайда бас директордың қолы қойылған редакцияға келіп түскен ресми хатта ұзақ мерзімді он екі келісімшарт көрсетілген. Жауапты сатып алу және материалдық-техникалық жабдықтау бөлімінің бастығы Ержан Мурсалим дайындап берген.
Компания тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің сатып алуы 2018 жылғы 18 мамырдағы №196 Энергетика министрінің бұйрығымен бекітілген тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алу қағидаларына сәйкес tizilim.gov.kz мемлекеттік ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылатынын хабарлады.
Хатта сатып алу кезінде қазақстандық жеткізушілерге басымдық берілетіні атап өтілген.
«"Матен Петролеум" АҚ қазақстандық тауар өндірушілерді тұрақты негізде қолдайды және жыл сайын жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт шарттарына және Қазақстан Республикасының заңнамасы талаптарына сәйкес тауар, жұмыс және қызметтерді пайдалануда жергілікті қамтуды мәселесін дамыту жөніндегі міндеттемелерді орындайды», — делінген жауапта.
Ұсынылған тізімнен көрініп тұрғандай, ұзақ мерзімді келісімшарттар жабдықтар мен арнайы киімдерді жеткізуді де, өндірістік және сервистік қызметтерді де қамтып отыр.
Атап айтқанда, «Ақтөбе мұнай жабдықтары зауыты» АҚ-мен 2150 сорғы штангасын, «Мұнаймаш» АҚ-мен 45 дана тереңдік сорғысын жеткізуге, сондай-ақ отандық өндірушілермен 363 дана қысқы арнайы киім мен 363 жұп қысқы аяқ киім жеткізуге 2028 жылдың 31 желтоқсанына дейін келісімшарт жасалды.
Өнеркәсіп қауіпсіздігіне қатысты қызмет бөлек қарастырылған. 2028 жылдың соңына дейін Қара-Арна, Шығыс Көк-Арна және Матин кен орындарында өрт қауіпсіздігі және авариялық-құтқару қызметтерін «Республикалық орталық кәсіби авариялық-құтқару қызметтерінің штабы» ЖШС көрсетеді.
Сондай-ақ, кен орындарында да, компанияның Атыраудағы кеңсесінде де күзет қызметтеріне ұзақ мерзімді келісімшарттар жасалды. Өндірістік алаңдарды медициналық қызметпен қамтамасыз етуге, батпалы ортадан тепкіш және электр бұрандалы сорғы қондырғыларын жалға алуға, сондай-ақ Прорва кен орындары тобын қорғау кешенінің құрылысына 2027 жылдың соңына дейін келісімшарттар қолданылады.
Тізімде мұнай кәсіпшілігінің өндіру объектілерін жөндеу және техникалық қызмет көрсету, сондай-ақ Шөлді кен орнындағы объектілерді күзету туралы келісімшарттар да көрсетілген.
Осылайша, компания ұсынған деректер жабдықтарды жеткізуден бастап өрт және медициналық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге дейінгі өндірістік қызметтің негізгі бағыттары бойынша ұзақ мерзімді келісімдердің бар екенін көрсетіп отыр.
Бұл ретте Мәжіліс отырысындағы ауызша жауапта және компанияның ресми хатында көрсетілген сандар арасындағы алшақтық әлі де нақты факт ретінде қалып отыр.
Айнұр САПАРОВА
Бүгін, 09:10