Мбаппе Мессиді өкшелеп келеді

02.07.2026

Egemen.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..

Арлингтондағы «Эй-ти-энд-ти Стэдиумінде» өткен Кот-д’Ивуар мен Норвегия арасындағы матчты тамашалауға 70 мыңға жуық жанкүйер жиналды. Ойын көпшілік көңілінен шықты. Қос команданың шеберлік деңгейі бір-біріне сай болды. Тең дәрежеде өрбіген бәсекеде еуропалықтар алғашқы болып есеп ашты. 39-минутта Антонио Нусаның қақпаның алыс бұрышына шірене тепкен добына Яхья Фофана тосқауыл бола алмады.

74-минутта Амад Диалло таразы басын теңестіріп, африкалықтарға үміт сыйлады. Бірақ олардың қуанышы ұзаққа созылмады. Норвегияның бас­ты жұлдызы Эрлинг Холанд шешуші кезеңде нағыз команда серкесіне тән мінез көрсетті. 86-минутта Патрик Бергтің берген пасын ол голға айналдырды – 2:1. Енді 1/8 финалда Скандинавия түбегінен келген ұжым атақты Бразилия құрамасымен ше­бер­лік байқасады.

Францияға қарсы ойында Швеция­ның футболшылары 45 минут бойы өте жақсы қорғанды. Дидье Дешамның жігіттері қанша жанталас­қандарымен біраз уақыт көздеген мақсаттарына жете алмай әлекке түсті. Олар тепкен доп бірнеше мәрте қақпа­шы­ның оңай олжасына айналса, тағы екі рет бағанаға тиіп кері қайтты. Десек те, мықтының аты – мықты. Бірінші кезеңнің аяқталуына санаулы секундтар қалғанда Килиан Мбаппе қарсылас команданың қорғаныс шебінен саңлау тапты.

Үзілістен кейін де француздардың дамылсыз шабуылы бәсеңдеген жоқ. Оның нәтижесі тағы екі гол соғумен аяқталды. 53-минутта Брэдли Баркола, 74-минутта Мбаппе нысананы дәл көздеді – 3:0. Бұл – Килианның әлем чемпионаттарында соққан 18-голы. Осы көрсеткіш жөнінен Франция­ның жұлдызы неміс шабуылшысы Мирослав Клозеден озып, қазірде Лионель Мессиден кейінгі екінші орында тұр. Аргентиналық арланның еншісінде – 19 доп. Осы турнирдегі Францияның келесі қарсыласы – Параг­вай құрамасы.

Мексика мен Эквадор арасындағы ойын әйгілі «Ацтека» стадионында өтті. 80 мыңнан аса көрерменнің көз алдында бар қырынан көрінгісі келген жергілікті футболшылар бірден толассыз шабуыл ұйымдастырып, қарсы жақтың құтын әбден қашырды. ­22-минутта Хулиан Киньонес есеп ашса, 31-минутта Рауль Хименес мергендік танытты – 2:0.

Екінші кезеңде де эквадорлықтар бас көтере алмады. Мексика құрамасы қарқынын біраз бәсеңдеткенімен, тізгінді бермеді. Ол аздай, ФИФА-ның жаңа ережесі бойынша қолымен аузын қалқалап сөйлегені үшін екінші рет қызыл қағаз алу фактісі тіркелді. Бұл жолы Эквадор құрамасының қорғаушы Пьеро Энкапье жазаланды. Жоғарыдағы есеп матчтың соңына дейін сақталды.

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью