Медицина бойынша 2026 жылғы Нобель сыйлығы: марапат не үшін берілді

05.10.2026

Tengrinews.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..

Физиология немесе медицина саласындағы 2026 жылғы Нобель сыйлығы "жарыққа сезімтал иондық арналар мен оптогенетикаға қатысты жаңалықтары үшін" америкалық Карл Дейссеротқа және германиялық Петер Хегеманн мен Георг Нагельге берілді. Лауреаттардың есімі 5 қазанда Стокгольмде дәстүрлі Нобель апталығының ашылуында жарияланды, деп хабарлайды Tengri Health тілшісі.

Сыйлық не үшін берілді?

Биыл Еуропадағы ең ірі медициналық орталықтардың бірі - Стокгольмдегі Каролин институты жанындағы Нобель комитеті оптогенетика саласындағы ғалымдардың еңбегін жоғары бағалады; бұл әдіс зерттеушілерге тірі ағзалардағы жүйке жасушаларының қалай естелік қалыптастыратынын, сыртқы тітіркендіргіштерді қалай сезінетінін және қалай әрекет ететінін бақылауға мүмкіндік береді.

Питер Хегеманн мен Георг Нагель біржасушалы балдырлардың құрамындағы жарыққа сезімтал ақуыз - каналродопсинді ашты. Ал Карл Дейссерот бұл ақуызды жүйке жасушаларына арналған жарықпен басқарылатын ажыратқышқа айналдырды. Осының арқасында лауреаттар ми жұмысын зерттеудің жаңа әдісінің негізін қалаған.

Қарапайым тілмен айтқанда, олар жүйке жасушаларын жарық арқылы қосу мен өшірудің жолын ойлап тапқан. Бұл мидың қалай жұмыс істейтінін: біздің қалай есте сақтайтынымызды, сезінетінімізді және әрекет ететінімізді түсінуге көмектеседі.

Бұл неге маңызды?

Ұйымдастырушылар мидың сезімдерді, мінез-құлықты және ағза функцияларын қалай басқаратыны ұзақ уақыт бойы жұмбақ болып келгенін атап өтті.

XX ғасырда зерттеушілер мидың қай бөліктері белгілі бір функцияларға әсер ететінін зерттей бастады, бірақ ол кездегі әдістер нақты себеп-салдарлық байланыстарды анықтауға мүмкіндік бермеді. Миды белгісіз элементтерден тұратын карта ретінде қарастыруға тура келетін. Енді бәрі өзгеріп жатыр:

"Оптогенетика мидың картасын жасауға бұрын мүмкін емес болып көрінген жаңа мүмкіндіктер ашады", - дейді физиология немесе медицина жөніндегі Нобель комитетінің мүшесі Пер Свеннингссон.

Бүгінде зерттеушілер оптогенетиканы жад, сезім және мінез-құлыққа жауап беретін нейрондық тізбектерді зерттеу үшін пайдаланады. Сондай-ақ бұл әдіс адамдардың көру қабілетін қалпына келтіруге бағытталған зерттеулерде қолданылып жатыр.

Фото Нобель сыйлығының ресми сайтынан алынды

Лауреаттар туралы не белгілі?

Карл Дейссерот 1971 жылы туған. 1992 жылы Стэнфорд университетінде бакалавр дәрежесін, 1998 жылы медицина докторы және 2000 жылы философия докторы (PhD) дәрежесін алды. Қазіргі уақытта - АҚШ-тағы Стэнфорд университетінің психиатрия және мінез-құлық ғылымдары, сондай-ақ биоинженерия профессоры.

Питер Хегеманн 1960 жылы туған. 1984 жылы Германияның Гёттинген қаласындағы Макс Планк атындағы биофизикалық химия институтында докторлық дәрежесін алды. Қазір - Берлиндегі Гумбольдт атындағы университеттің нейроғылымдар профессоры.

Георг Нагель 1953 жылы туған. 1982 жылы Франкфурт университетінде докторлық дәрежесін алды. Қазір - Германиядағы Вюрцбург университетінің молекулалық физиология профессоры.

Биылғы сыйлық жарияланғанға дейін ықтимал лауреаттардың қатарында Дэниел Друкер, Йенс Юля Хольст және Светлана Мойсовтың есімдері аталды. Олардың GLP-1 гормонын зерттеуі диабет пен семіздікке қарсы қолданылатын жаңа буын препараттарының ғылыми негізін қалады.

Нобель апталығы басталды

Физиология және медицина саласындағы лауреаттарды жариялау дәстүр бойынша Нобель апталығын ашады. 6 қазанда физика бойынша, 7 қазанда химия бойынша, 8 қазанда әдебиет бойынша Нобель сыйлығының иегерлері белгілі болады, ал 9 қазанда Ослода Нобель Бейбітшілік сыйлығының лауреаты аталады.

12 қазанда 1968 жылы Швеция Банкі негізін қалаған Альфред Нобельді еске алуға арналған экономика саласындағы сыйлықтың лауреаты жарияланады.

Биыл Нобель сыйлығына 125 жыл толады. 1901 жылдан 2025 жылға дейін марапат 633 рет берілді - оны 1026 адам мен ұйым иеленді.

2026 жылы Нобель Бейбітшілік сыйлығына 287 кандидат ұсынылды - оның 208-і жеке тұлға және 79-ы ұйым.

Бұл ретте Норвегияның Нобель комитеті үміткерлердің есімдерін жарияламайды. Нобель қорының ережелеріне сәйкес, кандидаттар туралы ақпарат кем дегенде 50 жыл бойы жабық болады.

Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылғы физиология немесе медицина саласындағы Нобель сыйлығы перифериялық иммундық толеранттылық механизмін - яғни иммундық жүйенің ағзаның өз тіндеріне шабуыл жасауына жол бермейтін процесті - түсіндіретін жаңалықтары үшін америкалықтар Мэри Э. Бранков пен Фред Рамсделлге және жапониялық зерттеуші Симон Сакагучиге берілді.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз

Қосу

Нобель сыйлығы

Медицина

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью