Aikyn.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..
Жасанды интеллект (ЖИ) білім беру жүйесіне еніп, оқыту тәсілдерін түбегейлі өзгертуде. Бірі оны уақыт үнемдейтін көмекші құрал ретінде қабылдаса, енді бірі білімнің қадірін кетіретін қауіп ретінде көреді. Әсіресе, ChatGPT арқылы жазылған курстық және дипломдық жұмыстар қоғамда алаңдаушылық туғызып отыр. Осы мәселенің мәнін түсіну үшін журналист, IT маманы, «Жасанды интеллект әліппесі» кітабының авторы Мейіржан Әуелханұлымен сұхбаттастық.
Кейінгі жылдары әлеуметтік желілерде «балам тапсырманы ChatGPT-ге жаздырады», «студенттер дипломды қолдан жасап жүр» деген мазмұндағы ақпараттар көбейді. Бұл – жай ғана технологиялық тренд емес, білім беру жүйесінің болашағына қатысты сұрақ.
– Қазіргі жастардың жасанды интеллектіні жаппай қолдануын қалай қабылдауымыз керек?
– Бұл – табиғи процесс. Әр буын өз заманының технологиясымен өседі. Бұрын калькулятордан қорықтық, кейін интернеттен, енді жасанды интеллекттен қауіптеніп отырмыз. Бірақ мәселе құралда емес, оны қалай қолдануда. Шынында да, біз көбіне жаңа технологияны қауіп ретінде қабылдаймыз. Алайда мәселенің түп-төркіні бақылау мен бағыт-бағдардың жоқтығында жатқан секілді.
– Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов бұл жағдайды «білім саласындағы жол апаты» деп атады. Бұл пікірмен келісесіз бе?
– Иә, келісемін. Біз балаларды жасанды интеллектіні пайдалануға үйретпей тұрып, қолына қуатты құрал беріп қойдық. Бұл – қауіпті. Этика, жауапкершілік, авторлық құқық деген ұғымдар бірінші кезекте тұруы керек. Бұл жерде мәселе студентте емес, жүйеде екенін мойындауымыз керек. Жасанды интеллект пайда болғанда, білім беру жүйесі соған дайын болмады.
– Академиялық адалдық сақталмауы себебінен кейбір университеттер ЖИ қолдануға толық тыйым салды. Бұл дұрыс шешім бе?
– Бұл өте орынды әрі қоғамда қызу талқыланып жатқан сұрақ. ЖИ құралдарын қолдануға шектеу қою – мәселені толық шешпейтін, бірақ уақытша сақтық шарасы ретінде түсінуге болатын қадам. Мұның дұрыс не бұрыс екенін нақты бір жағынан ғана бағалау қиын. Бірақ мәселенің екі жағын да қарастырып көрейік.
Неліктен кей университеттер ЖИ-ге шектеу қояды? Өйткені студенттер кейде ChatGPT сияқты құралдарды тапсырмаларды өзі ойланбай, жай ғана көшіріп алу үшін пайдаланып кетеді. Бұл – академиялық адалдықты бұзады. Шығармашылық ойлау, дербес зерттеу жүргізу, дұрыс дәйек келтіру сияқты дағдылар дамымай қалады. Университеттің мақсаты – білім беру, ал егер бәрін ЖИ істей берсе, онда оқу процесі мәнін жоғалтады. Сондықтан мұғалімдер мен оқу орындары бұған алаңдайды.
Ал шектеу қою – түбегейлі шешім бола ала ма? Жоқ, шектеу – уақытша амал ғана. Өйткені ЖИ – тек көмекші құрал. Оны дұрыс қолдануға үйрету – әлдеқайда маңызды. Мысалы, ЖИ-ден идея сұрау, жоспар жасау, мәтінді өңдеу, дерек табу сияқты пайдалы жолдары бар. Осыларды үйрету арқылы студентке әрі білім, әрі жауапкершілік беру әлдеқайда тиімді болар еді.
Кей университеттердің ЖИ-ге шектеу қоюы – түсінуге болатын сақтық қадамы. Бірақ бұл түпкілікті шешім емес. Ең дұрысы – студенттерге ЖИ-ді адал, тиімді, сыни тұрғыда қолдануды үйрету. Сонда ғана олар заманауи құралдарды теріс емес, дұрыс бағытта қолдана алады. Академиялық адалдық – білім беру мен технологияны қатар ұштастыра алған кезде ғана сақталады.
– Сонда жасанды интеллект шығармашылыққа қауіп төндірмей ме?
– Шығармашылық пен интеллектуалдық еңбек – ЖИ үшін ең күрделі салалардың бірі. Қазіргі ЖИ үлгілері (мысалы, ChatGPT) шаблондар мен үлкен деректерге сүйеніп жұмыс істейді, бірақ нағыз түпнұсқалық идея немесе интуитивті түсінік секілді адами қасиеттерді өз бетінше жасай алмайды.
Алайда ЖИ шығармашылықты жеделдетуі, идея туғызуға көмектесіп, механикалық жұмысты жеңілдетуі мүмкін. Мысалы, жазушы сюжет жоспарын ЖИ көмегімен құра алады, дизайнер бастапқы шаблон ұсына алады, композитор ЖИ-ден шабыт алады. Бірақ терең мағыналы, мәдени, моральдық контексті түсіну мен беру – тек адамның қолынан келеді.
Бұл жауап бізді тағы да бір ойға жетелейді: ойлау жауапкершілігін технологияға жүктеу – адамның өз таңдауына байланысты.
– Қазақ тіліне қатысты ЖИ-дің ахуалы қандай?
– Бұл өте маңызды сұрақ. Қазақ тіліндегі контентті жасанды интеллектіге бейімдеу мәселесі біртіндеп шешіліп жатыр, бірақ әлі де қиындықтар бар. Ең үлкен мәселе – қазақша сапалы материалдың аздығы. Жасанды интеллектті үйрету үшін көп мәтін керек: кітаптар, газет-журналдар, жаңалықтар, әңгімелер, әлеуметтік желідегі жазбалар және тағы басқа. Ал қазақ тілінде ондай дерек тым аз. Сол себепті қазақша сөйлейтін немесе түсінетін ЖИ сапасы кейде көңілден шықпай жатады.
Бірақ қазір жақсы өзгерістер болып жатыр. Бірқатар ғылыми зерттеу ұйымдары, баспалар, тіл саласының мамандары қазақ тіліндегі деректерді жинап, ЖИ-ге лайықтап өңдеуге күш салып жүр. Қазақша сөйлейтін боттар, аударма жүйелері, дауысты мәтінге айналдыратын құралдар шығып жатыр. Үкімет те, кейбір жекелеген жобалар да осы бағытта жұмыс істеп жатыр. Мысалы, «Sozdik.ai», «KazNLP», «Tilqural» деген жобалар бар – бұлар қазақ тілін ЖИ арқылы дамытуды көздейді.
Тағы бір қиындық – қазақ тілінің өзі күрделі тіл. Бір сөздің соңына бірнеше жалғау жалғана береді. Мысалы, «бармайсыңдар» дегеннің ішінде бір-ақ түбір, қалғаны жалғау. Мұндай құрылымды ЖИ-ге түсіндіру оңай емес. Бірақ бұл бағытта да тіл мамандары алгоритмдер жасап, көмектесіп жатыр.
Қысқасы, мәселе бар, бірақ шешуге талпыныс та бар. Екінші бір жағынан ана тіліміздің дамуын ЖИ жүйелері бір сатыға көтерді деп есептеймін. Себебі ChatGPT қолдайтын тілдердің бірі ол қазақ тілі. Ол соңғы сұраған ақпаратты бірінші ағылшын тілінде дайындап алып сосын, қазақшаға аударып жіберіп жүр. Бұл керемет мүмкіндік. Кейде тіпті жаңа термидер де жасап кетеді. Қазақ тілі ЖИ-мен бірге дамуы үшін бәріміз – жазушы болайық, журналист болайық, қарапайым қолданушы болайық – сапалы қазақша контентті көбірек жасап, бөлісіп отыруымыз керек. Сонда ғана ЖИ қазақша дұрыс түсінетін, сөйлейтін, көмектесе алатын деңгейге жетеді.
– Парижде өткен саммитте ЖИ адам еңбегін алмастырмайтыны анық айтылды. Ол – көмекші. Бұл – өте маңызды ұстаным. Әлем осы бағытта заңдар қабылдап жатыр. Қазақстанда да ЖИ туралы заң жобасы қабылданды. Бұл туралы не ойлайсыз?
– Иә, бұл – дер кезінде жасалған қадам. Заңсыз бұл саланы реттеу мүмкін емес. Авторлық құқық, дерек қауіпсіздігі, жауапкершілік нақты белгіленуі тиіс. Заң қабылдау – тек шектеу қою емес, тәртіп орнату. Ал тәртіп бар жерде сапа да болады.
– Өзіңіз ЖИ-ді қалай қолданасыз? Кітап жазу барысында ЖИ-ді қолдандыңыз ба?
– Иә, мен – жасанды интеллект саласының маманы ретінде кітап жазу барысында ЖИ-ді қолдандым. Оны жасырмаймын. ЖИ – авторға көмекші құрал ретінде өте пайдалы. Бірақ ол менің орныма жазбайды, тек жұмысымды жүйелі, сапалы етуге көмектеседі.
Мен ЖИ-ді мынадай мақсаттарда қолдандым:
Кітап жазбас бұрын, тарауларды қалай бөлуге болады, қандай тақырыптар қамтылады – соны ойластырып, ЖИ-ден бірнеше жоспар нұсқасын сұрадым. Бұл маған өз ойымды нақтылау мен құрылымдауға көмектеседі.
ЖИ арқылы түрлі ғылыми мақалалар, терминдер, анықтамалар туралы қысқаша мәлімет сұрап, қажет материалдарды тезірек іріктеп отырдым. Әрине, түпкі дереккөзді міндетті түрде тексеремін.
Алғашқы жазбаларымда кейде ой шашыраңқы, стиль әркелкі болды. ЖИ маған грамматикалық қателерді түзетуге, сөйлем құрылымын жеңілдетуге немесе мәтіннің ретін жақсартуға көмектесті.
Егер кітапты қазақ, орыс немесе ағылшын тілдерінде қатар шығарғым келсе, ЖИ бастапқы аударма жасауға көмектеседі. Кейін оны кәсіби редактор қарап шығады.
Бірақ мен ешқашан ЖИ-ге: «Маған кітап жазып бер» деп тапсырма бермеймін. Себебі кітап – тек ақпарат жинағы емес, ол автордың көзқарасы, тәжірибесі, жүрекпен айтылған ойы. Ал ЖИ оны жасай алмайды. Ол тек көмектеседі, жазбайды.
ЖИ – менің шығармашылық серіктесім. Дұрыс қолдансаң, ол жұмыс өнімділігін арттырады. Бірақ ең бастысы – идея мен жауапкершілік әрдайым автордың өзінде.
P.S. Сонымен Мейіржан мырзаның айтпағы жасанды интеллект – білім беру жүйесінің жауы емес. Ол – жаңа құрал. Бірақ кез келген құрал сияқты, оны қолдану мәдениеті қалыптаспайынша, қауіпке айналуы мүмкін. Бүгінгі міндет – студентті жазалауға емес, ойлауға үйрету. Ал жасанды интеллект сол ойды жүйелеу үшін ғана қызмет етуі тиіс.
Әңгімелескен
Гүлшекер СҮЛЕЙМЕНОВА,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Журналистика және әлеуметтік ғылымдар факультеті Баспасөз және баспа ісі кафедрасының 4-курс студенті