Aikyn.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..
Естеріңізде болса, 2026 жылғы 13 сәуірде Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі Қазақстанда білім беру ұйымдарында өткізілетін мектеп бітіру іс-шараларын ұйымдастыру талаптары нақтылады. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту және Ішкі істер министрліктері жергілікті атқарушы органдармен бірлескен бұйрығында аттестаттарды табыстау рәсімі тек білім беру ұйымдарының ғимараттарында өткізілетіні айтылды. Осының анық-қанығын білу үшін Оқу-ағарту министрлігіне хат жолдадық.
Олардың мәліметінше, Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының 5-бабына сәйкес білім беру саласындағы уәкілетті орган жергілікті атқарушы органдардың білім беру саласындағы қызметін үйлестіру және әдістемелік басшылық жасауды, оның ішінде орта білім беру ұйымдарында оқу жылының басталу және аяқталу мерзімдерін, сондай-ақ білім алушылардың қорытынды аттестаттауын айқындайды.
«Сондықтан Оқу-ағарту министрлігі 2025-2026 оқу жылының қорытынды іс-шараларын өткізудің мазмұны мен тәртібін айқындайтын тұжырымдама әзірлеген. Мектептерде оқу жылының аяқталуына орай «Білімім – Отаныма!» тақырыбында республикалық сынып сағаты өтеді. Онда «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының құндылығына басымдық беріп, адами капитал, білім, ғылым және инновацияны дамыту сияқты Конституцияда айқындалған басты стратегиялық бағыттар дәріптеледі», – делінген хабарламада.
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Ақпараттық қамтамасыз ету департаменті директорының міндетін атқарушы Набира Марбанованың айтуынша, білім алушылардың киім үлгісі мектеп формасына сәйкес болуы керек. Мерекелік кештерге арналған ерекше сәнді киінуге жол берілмейді.
– 11-сынып оқушыларына арналған оқу жылының аяқталуы бойынша іс-шараны өткізуге қатысты барлық мектеп дәстүрін (мектепке, ұстаздарға алғыс білдіріп, өлең оқу, ән айту, түлектер вальсін билеу) қолдай отырып, аттестат табыстау іс-шарасы мектеп басшысының бұйрығы негізінде, ата-аналар комитетімен келісу арқылы мектеп ғимаратында (аумағында) өткізіледі.
Сондай-ақ тұжырымдамаға сәйкес аниматорларды, мерекелік агенттіктерді және жеке студияларды тартуға, мерекелік дастарқандар ұйымдастыруға, автокөліктермен шерулер өткізуге, әкімшілікке және педагогикалық ұжымға сыйлыққа қаражат жинауға жол берілмейді, – деді ол.
Сонымен қатар, Оқу-ағарту министрлігі жергілікті әкімдіктер полиция департаменттерімен бірлесе отырып, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында іс-шарадан кейін адам көп шоғырланатын орындарда рейдтік бақылау жұмысын жүргізу керегін жеткізді.
– «Білім туралы» ҚР Заңының 49-бабына сәйкес Ата-аналар мен өзге де заңды өкілдер білім беру ұйымының жарғысында айқындалған қағидаларды орындауға, балаларға өмірі мен оқуы үшін салауатты және қауіпсіз жағдайлар жасауға, олардың ой-өрісі мен дене күшін дамытуды, имандылық тұрғысынан қалыптасуын қамтамасыз етуге міндетті.
Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодекстің 70-бабына сәйкес бала тәрбиелеушi ата-аналар оның дене бітімі, психикалық, адамгершілік жағынан және рухани дамуына қажеттi өмiр сүру жағдайын қамтамасыз ету, заңға мойынсынушылық мінез-құлықты қалыптастыруға жауапты, – делінген Оқу-ағарту министрлігінің жауабында.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңға сәйкес, мемлекеттік қызметшілерге және оларға теңестірілген тұлғаларға қызметтік міндеттерін атқаруына байланысты сыйлық қабылдауға шектеу қойылған. Оның ішінде мемлекеттік мектеп мұғалімдері мен өзге де педагогтер осы санатқа жатады. Қолданыстағы норма бойынша, олар 2 айлық есептік көрсеткіштен (2 АЕК) асатын сыйлықты қабылдай алмайды. 2026 жылы 1 айлық есептік көрсеткіш мөлшері – 3 932 теңге. Демек, заң бойынша шекті сома – 7 864 теңге.
Әрине, жеке мектептерде ішкі ережелер бөлек белгіленуі мүмкін. Дегенмен, көп жағдайда олар да қымбат сыйлыққа шектеу қояды. Мысалы, ата-аналар сынып болып ақша жинап, ортақ сыйлық ұсынса, заң бойынша оның кімнен берілгеніне емес, жалпы құнына қарайды. Яғни, бірнеше ата-ана бірігіп қымбат зергерлік бұйым алса, оның нарықтық бағасы 2 АЕК-тен асса заң талаптары бұзылуы мүмкін.
– Білім беру ұйымдарында кез келген іс-шараны (мұғалімдер күні, соңғы қоңырау, мектеп бітіру кеші және т.б.) өткізу үшін қаражат жинауға қатаң тыйым салынады. Мұндай әрекеттер заңсыз және сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарының туындау қаупін арттырады. Мектептердегі барлық іс-шаралар бюджетте қарастырылған қаражат есебінен өткізіледі және ата-аналар тарапынан қосымша шығындарды талап етпейді. Заңмен белгіленген шектен асатын сыйлықтар беру немесе қаражат жинау фактілері анықталған жағдайда Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің аумақтық департаменттеріне жүгіну қажет, – деп жазған Оқу-ағарту министрлігі.
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мектеп бітірушілердің кешін жасау, жасамау әр отбасының мәселесі деп санайды.
– Мектеп бітіру кешін өткізу, өткізбеу – үлкен мәселе. Таяқтың екі ұшы бар: бірі ата-анаға тисе, екінші жағы мектеп тиеді. Қазір «мектеп кештерін өткізбе» десең, біздің мектеп бітірушілердің көбісі коттеджді жалдап, өз қалауындағы кешті өткізуге тырысады. Мұғалімдер рұқсат бермесе де ақша жинап, кешін өткізіп жатыр. Сынып ата-аналарының ортақ чатында «осыншадан ақша жинайық» деп біреуі бас көтереді. Ал оған жинап жатқан қаражаттың соммасы 100 мың, 200 мың, 300-400 мыңға дейін барады. Оның не керегі бар?
Біздің қоғамда түрлі санаттағы адамның өмір сүретінін ұмытпауымыз керек. Біреуіне жағар, біреуінің қалтасы көтермеуі мүмкін. Арты дауға ұласып, ата-аналар қырықпышақ болады. Оның үстіне бұл кешпен өмір аяқталмайды ғой. Одан да сол ақшаны тиімді жаққа жұмсаған жөн. Жасөспірім «неге сол көйлекті кие алмаймын», «неге сол ақшаны шығара алмаймын» деп оны эмоционалды тұрғыда қатты қабылдау мүмкін. Сондықтан ата-ана тарапынан да үлкен тәрбие жұмысы болуы керек, – деген депутат оның әр жанұяның ішкі мәселесі екенін меңзеді.
– Екінші жағынан бітіру кештері өткізуде мектеп те өз жауапкершілігін түсіну керек. Әрине, мектеп тиісті түсіндірме жұмысты жүргізуі тиіс. Десе де бәрін мектепке шешеді деп, оған артып қою дұрыс емес. Біз тыйымды жыл сайын салып келеміз, одан жағдай өзгерді ме? Барлығына тыйым салғанмен мәселе шешілмейді. Бұл тек мектептің, не мұғалімдердің сұрағы емес, біздің мәдениетімізге байланысты дүние. Біз мынаны түсінуміз керек, отбасының яғни, жеке азаматтардың мәселесіне мемлекеттің араласуы жақсылыққа әкелмейді. Мәселен, бүгін сіздер отбасыңызбен бірге кешкі ас ішіңіздер, әлде велосипедпен жүргенде осылай жүр деп айта алмаймыз. Заң бойынша мектепті бітіру кештерді қалай өткізу керек деген норманы бермейміз. Әр адамның, әр отбасының ішкі мәдениетіне байланысты, – деді Асхат Аймағамбетов.
Ата-аналар арасында да пікір де алуан түрлі. Бірі мектеп бітіру кешін атаудың еш айыбыжоқ деске, енді бірі оның қажеті жоқ деп санайды. Алматылық Айсара Қожабек (ред. есімін өзгертті) екі баласына да қоштасу кеші ұйымдастырылып жатқанын сөз етті.
– Үлкен қызым 4 сынып бітіріп жатыр. Сынып жетекшісі «ештеңеге ақша жинамаңыздар, қажеті жоқ» деген сілтемелерді жіберді. Олар ата-анадан артық ақша жинатпайтын болған Бірақ біз өз шешімімізбен ақша жинап, балаларымыздың бастауышпен қоштасуын жасағымыз келді. Сыныптасының біразы, өзге мектепке ауысып, көшіп жатқаны бар. Қызымды сонау 1-сыныптан оқытып, жазу-сызуды үйреткен мұғалімге аздаған сыйлық жасап, құрмет көрсеткенде не тұр? Әрбірден соң балаға ол – анадан кейінгі ең жақын жаны. Сондықтан мұғалімге сыйлық жасау ниетіміз бар, бірақ не беретінімізді әлі шешпедік. Балаларды «винеткаға» түсіруге тапсырыс бердік. Бірақ ол – ата-аналардың бастамасы. Сонымен бірге, мектептегі қоштасу шарасынан кейін ата-аналар балаларды ойын алаңына апармақпыз. Ол жерде ақы қанша шығады барған ата-аналарға бөлеміз.
Екінші қызым балабақшасымен қоштасқалы жатыр. Оған да ақша жидық. 20 мың теңге: үлкен қызымнан көбірек қостық. Сыйлық бір ғана тәрбиешіге емес, аспазға да, дене шынықтыру апайына да, бала күтушісіне де бермекпіз, – дейді Айсара Қожабек.
Астаналық Айсезім биыл 11 сынып бітіргелі жатыр. Анасының айтуынша, біраз шығынға батқан.
– Мейрамхананың өзіне екі адамға 80 мың теңге бердік. Үстінен тағы қосуымыз да мүмкін. Ол жағы отырыстан кейін белгілі болады. Сыныптастарымен суретке түсуі, оған бәрі бір түсті киім тіктіруі, кешкі отырысқа бөлек киім алуы, боянуы тағы бар. Киім тіктірудің өзі 170 мың теңгеге шықты. Екінші көйлегін іздеп жатырмыз. Ал ұстазына алтын білезік беруді жөн көрдік. Тапсырысты Ереваннан бердік. Қалтаң көтерген соң қатардан қалыспай жатырмыз. Балалар өздері көкке шыққысы келеді. Оған біраз ата-ана келіспей жатқаны бар, – дейді Айсезімнің анасы (ред. есімін өзгертті).
Бастауыш сыныпты бітірген Дастанның мейрамханасының өзі миллион теңгеге шыққан. Анасы Сандуғаш Алмарасан жақтағы қымбат мейрамханада жасағанын айтты.
– Жекеменшік мектепте оқыған соң оның жинайтын сомасы да өзгеше. Бір сыныпта 20 оқушы. Әр бала үшін 150 мыңнан тапсырдық. Мұғалімге гүлдің өзі жүз мыңға шықты. Ал гүлді мұғалімге ғана емес, қасындағы көмекшісіне де алдық. Оған арзандау шықты, 50 мың теңге. Ал сыйлыққа гауһар тастан жүзік пен сырғасын тапсырдық. Қазақстанда қымбаттау әрі тас көлемі кішкентай болған соң шет елден тапсырыспен алдырттық. Арнайы аниматор жалдап, балаларды мектептен лимузинмен алдырттық, – деді Сандуғаш Оразбек (ред. аты-жөні өзгертілді).
Биылғы оқу жылында еліміздің мектептерінде 4,1 миллионнан астам оқушы білім алып жатыр. Соның қаншамасы 11-сыныпты тәмамамдап жатыр. Әрине, соңғы қоңырау – мектеп бітіруші түлектер үшін ең маңызды әрі есте қалатын жарқын сәттердің бірі. Мектеп табалдырығына «тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққан» аяулы ортаға деген олардың қимастықтың сыры да, арманы да көп. Алайда осы кештің шырқын бұзатын да, көңілге кірбің түсіретін де тұсы бар...