“Мектеп пе әлде прокуратура ма?” Ата аналар мен мұғалімдер жаңа Balazhan платформасына шағымданды

19.10.2026

Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..

Мектептерге арналған жаңа Balazhan (Балажан) платформасы сынға ұшырады. Ата-аналар отбасы туралы тым көп жеке ақпарат көрсету қажеттілігіне наразы бола, мұғалімдер деректерді толтыру бойынша артық жұмысқа шағымдарын білдірді. Tengrinews.kz Оқу-ағарту министрлігінен бұл платформа не үшін қажет екенін және отбасылар туралы деректерді кімдер көре алатынын анықтады.

"Мектепке соншама жеке ақпарат не үшін қажет?"

Желі қолданушыларының бірі Balazhan жүйесіне енгізу қажет деректер тізімін жариялады. Олардың қатарында ата-ананың білімі, жұмыс орны, мамандығы, отбасы құрамы, тұрғын үй жағдайы және отбасының қиын жағдайлары туралы ақпарат бар.

"Бұл мектеп пе, әлде прокуратура ма, түсіне алмадым. Оларға мұндай егжей-тегжейлі жеке ақпарат не үшін керек?" – деп жазды ол.

Тағы бір ата-ана баланың психологиялық жағдайы туралы деректерді көрсету қажеттілігіне алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, тест нәтижелері мен баланың мінездемесі Balazhan-ға ата-ананың ескертуінсіз жүктеледі.

Әйелдің пайымдауынша, бұл мәліметтер баланың басқа мектепке ауысуына немесе өзге оқу орындарына түсуіне әсер етеді.

"Қазір ғана баланың нәтижелері мен мінездемесін, оның психикалық денсаулығын бағалау деректерін Balazhan сайтына жүктейтінін білдім. Бұл ретте ешқандай рұқсат сұралмаған немесе ескерту жасалмаған", – деп жазды ол.

Threads желісіндегі жазбалар скриншоты

Пікір қалдырушылар арасында ата-аналар мектепке мұндай деректер не үшін қажет екенін, оларды кімдер көре алатынын және оларды беруден бас тартуға бола ма деген сұрақтар қойып жатыр.

Мұғалімдер қосымша жұмысқа шағымданды

Педагогтер да шағымдарын білдірді. Әлеуметтік желілерде мұғалімдер жаңа платформаны толтыру көп уақыт алатынын жазды. Қолданушылардың бірі Balazhan-мен жұмыс істеуге бүкіл демалыс күндерін жұмсағанын айтты.

"Түнгі үште ұйықтап, демалысымды Balazhan-мен өткізіп, демалмай, тіпті сабаққа дайындалып үлгермеген болсам, бүгін жұмысқа қалай барамын? Әріптестер, сіздер де солай ма?" – деп жазды педагог.

Threads желісіндегі жазбалардың скриншоттары

Balazhan не үшін қажет?

Оқу-ағарту министрлігі Tengrinews.kz-ке платформа не үшін енгізіліп жатқанын түсіндірді.

"Негізгі міндет – ерекше назар аударуды қажет ететін балаларды уақтылы анықтау және қажетті көмекті ұйымдастыру. 2026/2027 оқу жылының басынан бастап "Balazhan" еліміздегі барлық мектеп мен колледждерде енгізіледі", – деп хабарлады министрлік.

Министрлік жаңа деректер жинау талап етілмейтінін мәлімдеді

Ведомство Balazhan жүйесі балалар мен олардың отбасылары туралы мәліметтерді жинауға қатысты жаңа талаптар енгізбейтінін айтады.

"Сынып жетекшілері, әлеуметтік педагогтер мен педагог-психологтар тиісті құжаттарды бұрыннан жүргізіп келеді, балаларда туындаған қиындықтарды анықтап, қажетті қолдау көрсетеді", – деп хабарлады Оқу-ағарту министрлігі.

Балалар мен ата-аналардың деректерін кімдер көреді?

Сондай-ақ министрлік Balazhan ұлттық білім беру деректер қорының модулі ретінде жұмыс істейтінін түсіндірді.

Ақпаратқа мектептің барлық қызметкері қол жеткізе алмайды.

"Тиісті мәліметтерге сынып жетекшілері, әлеуметтік педагогтер, педагог-психологтар және білім беру ұйымдарының басшылары қол жеткізе алады. Платформаның жұмысы ақпараттық қауіпсіздік және дербес деректерді қорғау саласындағы Қазақстан заңнамасы талаптарына сәйкес жүзеге асырылады", – деп хабарлады ведомство.

Бұл ретте министрлік ата-аналар кейбір жеке деректерді беруден және баланың психологиялық тестілеуінен бас тарта ала ма, жоқ па деген сұраққа жауап бермеді.

Бұған дейін Tengrinews.kz Алматы мектептері Kundelik-тен BilimClass-қа ауысқаннан кейінгі ата-аналардың шағымы туралы жазған еді. Ол кезде де ата-аналар балалардың жеке деректері үшін алаңдаған. Олардың айтуынша, ақпарат жаңа жүйеге ескертусіз және келісімсіз көшірілген.

Алматы білім басқармасы бұл ауысуды оқушылар деректерінің қауіпсіздігіне қойылатын талаптармен түсіндірді.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз

Қосу

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью