Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..
Оқушылар мен ұстаздар сапалы білім процесін ұйымдастыруды талап етіп, әлеуметтік желі арқылы билік өкілдерінен мәселені тезірек шешуді сұрады. Бұл мектеп 2023 жылы техникалық сараптаманың негізінде апатты деп танылған. Соңғы екі оқу жылынан бері Жангелдин атындағы орта мектепте бастауыш сыныптың 389 оқушысы, ал қалған 650-ге жуық шәкірт Мақаш Бекмұхамбетов атындағы білім ордасында оқып жатыр.
Фото: Нұрбибі Теміртасова/Kazinform— Оқушылар үш ауысымда білім алып жатыр, тіпті балалар шамадан тыс толған сыныптарда оқуға мәжбүр. Тоғыз кабинетте мыңнан астам оқушы білім алады. Барлық оқушыны қамту үшін сабақ ұзақтығы қысқартылған. Мұндай жағдай білім сапасына, балалардың денсаулығына және мұғалімдердің еңбек жағдайына кері әсерін тигізіп отыр. Мектептің қаржыландыруы біз басқа мектептің ғимаратында орналасқанбыз деген сылтаумен тоқтатылған. Қазір интерактивті панельдер туралы айтпағанда мұғалімдерде қарапайым цифрлық құралдардың өзі жоқ. Мұғалімдер бар жағдайға бейімделіп, қолдарынан келгенше жұмыс істеуге мәжбүр, — деп әлеуметтік желі арқылы пікір білдірген ұстаздар.
Педагогтердің сөзінше, мектеп құрылысы басталады дегелі 5 жыл уақыт өтті. Атырау облысы әкімдігі бүгінде мектеп аумақтарының көлеміне жоғары талаптар қойылғандықтан, оқу корпустарын, спорт алаңдарын, автотұрақтарды және басқа да нысанды салу үшін қала әкімдігі мемлекеттік қажеттіліктер үшін жер учаскелерін алып қою рәсімдерін бастағанын мәлімдеді.
Фото: Нұрбибі Теміртасова/Kazinform— Аталған рәсім бірнеше кезеңнен тұрады және мүлікті бағалау, құқық иелерін хабардар ету, өтемақы төлеу, сондай-ақ кейбір жағдайларда дауларды сот арқылы реттеуді қамтиды. Заңда көзделген барлық кезеңнің сақталуы дайындық жұмыстарының мерзімінің ұзарауына себеп, — деді облыстық білім беру басқармасының баспасөз қызметі.
Атырау қалалық білім бөлімінің басшысы Айнагүл Дүйсекенованың айтуынша, облыстық әкімдікке 900 орындық мектеп қажеттілігі туралы саларалық қорытындыны жолдаған.
Фото: Нұрбибі Теміртасова/Kazinform— Облыстық құрылыс басқармасының ақпаратына сәйкес, 900 орындық мектептің жобасы дайындалып, мемлекеттік сараптамаға жіберілген. Құрылыс аяқталғаннан кейін оқушылар жаңа мектепке көшіріледі. Қазір облыс орталығында 4 мектеп апатты деп танылған. Бұл мектептердің оқушылары жасақталған алгоритм негізінде білім алып жатыр, — деді Айнагүл Дүйсекенова.
Өңірге жұмыс сапарымен келген Оқу-ағарту министрінің мектеп директорларымен өткен кездесу кезінде облыс әкімі Серік Шәпкенов М.Ломоносов атындағы мектептің құрылысын биыл бастап, келер оқу жылына дейін аяқтау жоспарланып отырғанын айтты.
Айта кетейік, соңғы жүргізілген талдауға сәйкес бұл білім ордасындағы білім сапасы 50 пайыздан төмен, яғни 46,9% құраған.
Бұған дейін педагогтерді аттестаттау жүйесіне өзгеріс енгізілетінін жазған едік.