Qazaq24.com, Zakon.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..
Ақорданың баспасөз қызметі берген ақпаратқа сәйкес, кездесу барысында министр Қарулы күштердің жауынгерлік даярлығы, әскери қызметшілерді әлеуметтік қорғау және әскери қызметтің беделін арттыру бағытында атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады.
Дәурен Қосанов Президентке Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында жүзеге асырылып жатқан іс-шаралар, Қорғаныс министрлігінің автоматтандырылған басқару жүйелері мен цифрлық инфрақұрылымын дамыту барысы туралы ақпарат берді.
Сондай-ақ министр әскери басқару органдары арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуге және әскердің жауынгерлік әлеуетін арттыруға бағытталған "Батыл тойтарыс – 2026" стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуларына дайындық жұмыстары жөнінде баяндады.
Кездесуде Голан жоталарындағы екінші ұлттық бітімгерлік контингент миссиясының сәтті аяқталғаны және үшінші контингенттің ротациясы басталғаны айтылды. Министрдің мәліметінше, қазақстандық әскери қызметшілердің халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан үлесі халықаралық қауымдастық тарапынан жоғары бағаланған.
Бұдан бөлек, әскерге шақыру науқанының барысы мен әскери қызметшілердің мәртебесін көтеруге бағытталған шаралар талқыланды. Өскелең ұрпақты әскери-патриоттық тәрбиелеу мәселесіне де ерекше назар аударылып, 21-27 маусым аралығында Бурабайда өтетін "Айбын – 2026" халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынына дайындық барысы қаралды.
Кездесу қорытындысы бойынша Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қарулы күштердің жауынгерлік даярлық жүйесін одан әрі жетілдіру, армияны цифрлық тұрғыдан жаңғырту және елдің қорғаныс қабілетін күшейту бағытында бірқатар нақты міндет жүктеді.