Мемлекет басшысы: Жаңа Конституцияда ұлт саулығы ұғымына алғаш рет кең ауқымда назар аудардық

18.06.2026

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..

Фото: Ақорда

Президент өз сөзінде медицина саласы мамандарына ел дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдіріп, жалпыұлттық референдум кезінде белсенділік танытқан дәрігерлерге ризашылығын жеткізді.

«Қазір біз бәріміз Әділетті, Күшті, Озық әрі Таза Қазақстанды құрып жатырмыз. Қоғамның барлық саласында ауқымды және түбегейлі өзгерістер жасалуда. Біздің алға қойған мақсатымыз – айқын. Бұл – жас ұрпақтың игілігі үшін тұғыры берік, қуатты мемлекетті құру. Наурыз айында өткен жалпыұлттық референдум кезінде азаматтарымыз отаншылдық пен жауапкершіліктің тамаша үлгісін көрсетті. Медицина саласының мамандары да осы ортақ іске белсене атсалысты. Саяси науқан барысында халқымыз біртұтас ұлт болып ұйысып, тарихи таңдауын жасады», деді Президент.

Президент медицина қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Ата заңда денсаулық сақтау саласына ерекше назар аударылғанын атап өтті. Президенттің айтуынша, Конституцияда ұлт саулығы ұғымына кең ауқымда мән беріліп, қоғамдық тәртіпті сақтау, қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарға ұқыпты қарау қағидаттары бекітілген.

«Мемлекетіміздің мызғымас тірегі – жаңа Ата заңымызда денсаулық сақтау мәселесіне айрықша мән берілді. Біз ұлт саулығы ұғымына алғаш рет кең ауқымда назар аудардық. Соған сәйкес Конституцияда қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, қоршаған ортаны қорғау және табиғи байлыққа ұқыпты қарау қағидаттары айқындалды. Бұл адам өмірін сақтау медицина мамандарының міндеті ғана емес, тұтас қоғамның жауапкершілігі екенін көрсететін маңызды қадам болды», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Еске сала кетейік, бүгін елімізде медицина қызметкерлері күні аталып өтіліп жатыр. Мереке мезіретінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау саласының мамандарын кәсіби мейрамымен құттықтады.

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью