Мемлекет басшысының тапсырмасы: 14 жас ғалым жаңа пәтер иесі атанды

14.02.2026

Inform.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..

Аталған игі бастама дарынды жастарды ынталандыруға және олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған.

Ғылым саласындағы сыйлықтар мен мемлекеттік стипендия лауреаттарын марапаттау рәсімінде Президент атынан жас ғалымдарға баспана сертификаттары салтанатты түрде табысталды.

Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Салтанатты жиында жас ғалымдардың отандық ғылымды дамытудағы еңбегі ерекше атап өтілді. Пәтер иесі атанған ғалымдардың зерттеу бағыты география, балық шаруашылығы, ІТ, физика, химия, ауыл шаруашылығы және өзге де салаларды қамтиды.

Солардың бірі — Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының аквакультура зертханасының ғылыми қызметкері Гүлдана Маратова. Жас ғалым өз сөзінде 12 жылдық еңбегінің нәтижесі жоғары бағаланып жатқанына қуанышты екенін жеткізді.

Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

— Бұған дейін өзімнің жеке пәтерім болмады. Бүгін екі бөлмелі пәтердің иесі атанып отырмын. Өте қатты қуаныштымын. Ғылыммен айналысып жүрген жас ғалымдарға әлеуметтік қолдау көрсеткені үшін Мемлекет басшысына және министрлікке алғысымды білдіремін, — деді Гүлдана Маратова.

Пәтер сертификатына ие болған жас зерттеушілер ғылыми жобаларға қатысып, беделді басылымдарда еңбектерін жариялап, отандық ғылымның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға үлес қосып келеді.

Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Айта кетейік, жас ғалымдарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бұған дейін Президенттің атынан ғылыми зерттеушілерге пәтер кілттері табысталған болатын.

Осыдан бұрын министрлік Қазақстанда ғалымдардың жалақысы көтерілетінін айтқан еді.

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью