Мемлекет нарықты қауіпті өнімнен қалай қорғайды

10.04.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..

Тұтынушылар үшін маңыздысы – техникалық регламенттер талаптарын сақтау өндірушілердің, импорттаушылардың және сатушылардың тікелей міндеті. Техникалық регламенттер өнімнің қауіп-қатер деңгейін ескере отырып, ең төменгі қажетті талаптарды белгілейді. Бұл талаптар биологиялық, механикалық, өрт, жылу, химиялық, электр, радиациялық қауіпсіздікті, сондай-ақ құрылғылар мен жабдықтардың қауіпсіз жұмысын қамтамасыз етуге қатысты электромагниттік үйлесімділікті, сәулелену қауіпсіздігін, жарылысқа төзімділікті, қауіпті өндірістік нысандарда қолданылатын техникалық құрылғылардың қауіпсіздігін және өзге де талаптарды қамтиды. 

Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетінің қызметі құқықбұзушылықтардың алдын алуға, талаптарға сәйкес келмейтін өнімнің нарыққа шығарылуына жол бермеуге бағытталған. 

Осыған байланысты тұрақты түрде бару арқылы емес, профилактикалық бақылау жүргізіледі. Оның мақсаты – бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу, сондай-ақ бақылау және қадағалау субъектілеріне анықталған кемшіліктерді өз бетінше түзету мүмкіндігін беру және әкімшілік жүктемені азайту.  

Бұл бағытта түрлі ақпарат көздерінен алынған мәліметтер зерделеніп, талданып, салыстырылады. Олардың қатарында бұқаралық ақпарат құралдары, ашық дереккөздер, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бар.  

Профилактикалық жұмыстың маңызды құралдарының бірі – бақылау мақсатындағы сатып алу. Ол Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне және техникалық реттеу саласындағы заңнамаға сәйкес аумақтық бөлімшелер арқылы жүзеге асырылады.  

Комитет төрағасының орынбасары Бауыржан Қасымовтың мәліметінше, 2025 жылы мемлекеттік бақылаудың 3163 түрі жүргізіліп, оның 978-інде (31%) заңбұзушылықтар анықталған. Жалпы сомасы 26,749 млн теңгеге айыппұл салынды. Сонымен қатар 197 өнім үлгісі сынақтан өткізіліп, нәтижесінде жедел әрекет ету шараларын қолдану туралы 41 қаулы қабылданды. 

2026 жылы бақылау сатып алуы аясында Қарағанды облысында көмірдің 4 үлгісі, Қостанай облысында кабель өнімдерінің 4 үлгісі және жанар-жағармайдың 2 үлгісі сатып алынып, сынаққа жіберілді. 

Бақылау сатып алуы көлік құралдарына, құрылыс материалдарына, жанар-жағармай мен майлау материалдарына, көмірге, сондай-ақ айнымалы ток кернеуі 1000 В-қа дейін (немесе тұрақты ток 1500 В-қа дейін) болатын, электр энергиясын қабылдауға, таратуға, жүктемені басқаруға және желілерді қорғауға арналған электр техникалық құрылғыларға қатысты жүргізіледі. 

Комитет тұтынушыларға еске салады: егер өнім техникалық регламент талаптарын бұзды деген нақты негіздер мен дәлелдер болса, адам өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға немесе жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделеріне қауіп төнудің алдын алу немесе оны жою мақсатында тиісті органдарға өтініш беруге құқылы.  

Техникалық реттеу саласындағы заңнамаға сәйкес, техникалық регламенттер қолданылатын өнімдер нарықта тек белгіленген талаптарға сәйкестігі тиісті тәртіппен расталған жағдайда ғана айналымға жіберіледі. Сонымен қатар техникалық регламенттер талаптарына сәйкес келмейтін, сәйкестікті бағалаудан өтпеген, тиісті құжаттары жоқ немесе мұндай құжаттар туралы мәліметтер техникалық реттеу тізілімінде не Еуразиялық экономикалық одақтың бірыңғай тізілімдерінде тіркелмеген өнімдерді нарыққа шығаруға тыйым салынады. 

Техникалық регламент талаптарына сәйкес келмейтін өнімді айналымға шығарғаны үшін, сондай-ақ сәйкестікті бағалау құжаттарында көрсетілген мәліметтерге сәйкес келмейтін немесе тиісті бағалаудан өтпеген өнімді өткізгені үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. 

Құқықбұзушылық жасаған тұлғаларға айыппұл салынады: жеке тұлғаларға – 90 айлық есептік көрсеткіш, лауазымды тұлғаларға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 195 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 310 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 600 АЕК мөлшерінде.

Бұған дейін Түркістан облысында серіктестік тұтынушылардан 54 млн теңгеден астам қаражатты заңсыз алғанын жазғанбыз. 

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью