Мемлекет қорғауындағы сексеуілді кескен топ 12 жылға дейін сотталуы мүмкін

28.01.2026

Qazaq24.com, Azh.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..

Сурет: polisia.kz

Мемлекет қорғауындағы ағаштарды заңсыз кесу фактісіне қатысы бар күдіктілер анықталды, деп хабарлайды Polisia.kz.

«Заң мен Тәртіп» қағидатын іске асыру аясында Ішкі істер министрлігі ұлттық табиғи ресурстарды қорғау және экологиялық қылмыстар үшін жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз ету бағытында кешенді шаралар қабылдап келеді. Осы шаралар аясында 26 қаңтар күні Қызылорда облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы облыстық прокуратурамен бірлесіп жүргізген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде мемлекет қорғауындағы аумақта ағаштарды заңсыз кесіп, дайындаумен айналысқан қылмыстық топтың жолын кесті.

Күдіктілердің заңсыз әрекеттері мемлекеттік табиғи қорық аумағында жүзеге асырылған. Тергеу мәліметінше, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының жекелеген инспекторлары бұл іске «қамқорлық» көрсетіп, заңсыз әрекеттер үшін жүйелі түрде ақшалай сыйақы алып отырған.

Заңнан тыс қаламыз деп ойлаған күдіктілер сирек кездесетін сексеуіл ағашын дайындап, оны көршілес облыстарға өткізуге бағытталған тұрақты қылмыстық схеманы ұйымдастырған. Ағаш дайындау орындары анықталып, өнімді шекаралас өңірлерге тасымалдау деректері құжатталды.

Тінту барысында бірнеше бірлік атыс қаруы мен оқ-дәрі, жүк көліктері, электрлі аралау құрылғылары, радиостанциялар, ірі көлемдегі қаражат, сондай-ақ табиғи жолмен қалпына келуі ондаған жылдарды қажет ететін заңсыз кесілген сексеуілдің қомақты көлемі тәркіленді.

Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оларға 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Мемлекетке келтірілген залал көлемі нақтыланып жатыр.

Ішкі істер министрлігі сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар өсімдіктерді заңсыз кесу экожүйеге айтарлықтай зиян келтіретінін және ауыр қылмыстар санатына жататынын ескертті.

Бүгін, 10:37

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью