Мемлекетке қайтарылған жер ауылдың мұқтаж тұрғындарына бұйырмай тұр

04.08.2026

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Президент 2025 жылғы Жол­дауында: «Әкімдер қайтарылған жердің бәрін келесі жылдың ортасына дейін тұрақты айналымға енгізуі керек. Бұл шара арқылы жайылым тапшылығы мәселесі де шешілуге тиіс», деді. Бұл тапсырманың қалай орындалып жатқанын білмек оймен, өңірлік жер қатынастары бас­қармасына журналистік сауалдар жолдаған едік. Басқарма бас­шысы Мұрат Хамитовтың дере­гінше, жерді қайтару жоспарлары асыра орындалып, сот арқылы жүз­деген мың гектар мемлекетке қайта­рылып жатыр. 2025 жылы 130 мың гектар жер қайтарылуы керек болса, құзырлы органдар мен шенеуніктердің пәрменді қимылы нәтижесінде жоспар 109,8 пайызға орындалған. Яғни 142,7 мың гектер жер мемлекет балансына қайта алынған.

Алайда шенеуніктердің ресми жауаптарын тереңірек талдай келе, өңірдегі жер саясатының түйткілді мәселелері мен жүйелік кемшіліктері байқалып қалды.

Тағы бір мәселе, қайтарылған жерлердің басым бөлігі ауылдардан тым алыс орналасқан. Шалғай жерлерге қарапайым ауыл тұрғындары малдарын апарып жая алмайтыны анық. Ол жерлерде инфрақұрылым (жол, электр қуаты) мен су көздері (ұңғымалар) жоқ. Нәтижесінде «пайдалануға жарамды» деп қағазға жазылған жерлер шын мәнінде мал баққан ағайын үшін тартымсыз болып, бос жатыр. Жергілікті әкімдіктер бұл мәселені шешу үшін 2026–2030 жылдарға арналған Жол картасын енді ғана бекітіп, инвестор іздеуге кіріскен. Демек, алыстағы жайылымдарды суландыру мәселесі таяу жылдары шешіле қоймайды.

Келесі проблема – мәселені шешуден қашу, созбаққа салу. «Халықтың жерге мұқтаждығы қашан толық шешіледі?» деген нақты сұрағымызға шенеуніктердің жауабы дайын тұрады. «Бұл мәселені толығымен шешу мүмкін емес, өйткені бұл – бір реттік науқан емес, үлкен процесс». Мұндай жауап жергілікті атқарушы органдардың нақты мерзім мен міндеттеме алудан қашатынын байқатады. Мал басы жыл сайын өсіп келе жатқанда бұл «шексіз процесс» ауылдардағы күнкөріс мәселесі мен жайылым проблемасын одан сайын ушықтырып тұр.

Сөзіміз дәлелді болсын. Көп жылдан бері Павлодар ауданындағы ондаған ауылда жайылым мәселесі жиі қайталанып тұр. Мәселен, Чер­норецк ауылының тұрғындары биыл жергілікті кәсіпкер ортақ жайылымды тартып алып жыртып тастағанын айтып, журналистерге жүгінді.

– Қазіргі уақытта жергілікті халық­тың төрт түлігін өріспен қамтамасыз ету күннен-күнге қиындап барады. Қазақстан Республикасының «Жайылымдар туралы» заңына сәй­кес, жергілікті тұрғындардың мұқ­таждығын қанағаттандыру үшін жайылымдармен қамтамасыз ету – жергілікті атқарушы органдар­дың тікелей міндеті. Осыған орай «Сар­тай» деп аталатын жердегі 190 гектар жайылымдық жерді халықтың игілігіне қайтару, сол маңайдағы  400 гектар шұрайлы егістік жерді халықтың өтініші негізінде мемлекет (ауылдық округ әкімдігі) балансына өткізу туралы аудан басшысына хат жолдаған едік. Алайда бұл өтінішіміз созбаққа салынып келеді. Аудан басшылығы тарапынан шешімді қимыл-әрекет байқалмай отыр, – деп мұңың шақты жергілікті бақташы Марал Мейзамхан.

Чернорецк ауылындағыдай өткір мәселе Ертіс бойындағы егіншілік жақсы дамыған аудандарда аса өзекті. Облыстағы жайылым тапшылығы 100 мың гектардан асады әрі бұл проб­лема 80 елді мекенді қамтып отыр. Аймақтың ең басты егіншілік аудандары – Павлодар, Шарбақты аудандары мен Ақсу, Павлодар қалаларының ауылдық аймақтарында жағдай өршіп тұр. Егістік алқаптарының ұлғаюы ауыл тұрғындарының төрт түлігін өріссіз қалдырған. Тіпті Шарбақты ауданы мен Павлодар қаласының маңайындағы шаруашылықтарға бекітілген бір гектар да шабындық жоқ. Көптеген елді мекендер маңайының барлығы егін, жеке тұрғындар мал жая алмайды. Кезінде заңсыздықпен беріліп кеткен жерлерді қайтару да созбаққа салынып бара жатқандай.

Өзекті жайттар Екібастұз бен Ақсу ауылдық аймақтарында кейінгі уақытта жиі байқалып қалып жатыр. Мысалы, жуықта Екібастұзға қарас­ты Құдайкөл ауылының тұрғын­дары қала басшылығына өтінішпен шықты. Айтуларынша, әлдебір ірі шаруашылық ауылдың дәл іргесіне егін салып, онсыз да аз жайылымды тіп­тен тарылтып тастаған. Егін ауыл­дан небәрі 800 метр жерде. Ойнақ­таған қозы-лақ пен бұзау, үлкен қара малдар егінге жиі түседі. Егістік жұмыскерлері малды техникамен қуалап, жуықта 5 сиырды өлтіріп алған. Мал иелері құнын даулап барған екен, «әуелі егін шығынын өтеңдер» деген талап қойыпты. Ал бұл мәселе заңмен реттелмеген.

Өкінішке қарай, Екібастұз қала­сының әкімі Аян Бейсекин ауылдағы мал баққан жұрттың мұңына онша-мұнша бас қатырмайтынға ұқсайды. Әкім: «Тұрғындар түліктерін бос қоя береді, бақпайды. Салдарынан егінге түсіп кетеді. Егер мал ұстағылары келсе, осы арадан 20–30 шақырым жерде қолайлы жайылымдар бар. Малдарын сонда апарып жая берсін» деп шолақ қайырды. Білдей қала басшысын ауыл маңайындағы жерлер қалайша егін шаруашылығына өтіп кеткені, күні екі-үш қара малға ғана қарап қалған тұрғындардың алысқа барып оны жая алмайтыны ойландырмаса керек.

Игерусіз мыңдаған алқаптардың мемлекетке үздіксіз қайтарылып жатқанына қарамастан облыстың кей жерлерінде жайылым мәселесі өткір тұруына екінші тұрғыдан жердің тозуы да әсер етіп отыр. Өңірлік ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Қайырболат Байсаринов­тың пікірінше, мал азықтық алқап­тар­дың өнімділігінің төмендеуі, шөп жамылғысының сиреуі, шөлейттену және жер эрозиясы үдеп келеді. Бұған жайылымдарға шамадан тыс жүктеме түсуі, малды ретсіз жаю, құрғақ кли­мат­тық жағдайлар себеп болуда.

– Жайылымдардың тозуы облыс­тың барлық дерлік аудандарында байқалады. Әсіресе Ақтоғай, Баянауыл, Железин аудандарында, Екібастұз қаласының ауылдық аймағында өткір мәселелер қалыптасқан. Жайы­лымдардың жағдайын жақсарту мақсатында облыста 2027–2029 жыл­дарға арналған өнімділігі төмен жерлерді шалғындандыру және бүлінген жерлерді рекультивациялау бағдарламасының жобасы әзірленді. Бағдарлама шөп жамылғысын қалпы­на келтіруді, мал азықтық алқаптар­дың өнімділігін арттыруды көздейді, – дейді маман.

Өңірдегі көптеген жайылымның тозып кеткені соншалық, ғалымдар әлгіндей жерлерді зерттей келіп, бір гектардан екі центнер де мал азығы шықпайтынын анықтаған. Бұл шөлейттену құбылысын аңғартады. Азық қоры азайғанымен қоймай, тікен шөптер көбейген. Мал жемейтін тікен шөп топырақтың эрозияға ұшырауына себеп болып, әлгіндей жерлер қу тақырға айналып барады.

«Топырақтың тозып бара жатқа­нына ол жерлерде жайылатын мал са­нының тым көп болуы әсер етуде. Жайылым тар болған соң жүк­теме бірнеше есе асып түседі, жер тыңаймайды. Ал деградацияның алдын алу үшін шекті рұқсат етілетін жүктемені сақтау аса маңызды. Ол дегеніміз бір бас қара мал үшін 4–5 гек­тар жер қарастырылуы керек. Қуаң­шылық жылдары бұл көлем 15-20 пайызға қысқаратыны да нормада көрсетілген. Іс жүзінде біздің аймақта бұл нормалар сақталмайды. Себебі оны ешкім бақылап отырған жоқ. Тиімді пайдалану үшін жайы­лымдарды басқару жоспары болуы керек. Алайда ол барлық жерде талапқа сай емес», дейді биология ғылымдарының кандидаты Виктор Камкин.

Ауыл шаруашылығы саласының ардагері Владимир Левченко жеке аулалар үшін қолайлы жайылымдар қалыптастырмайынша олардың дамуы туралы пікір айту орынсыз деп есептейді. Жайылымдардың тозып бара жатқанынан мал иелері зардап шегуде. Түліктің күйі болмаса, беретін өнімі де сапасыз. Нарықтың басым бөлігін етпен, сүтпен қамтамасыз етіп отырған ауыл халқының күнкөрісі төмендейді. Екінші тұрғыдан, жер­лерді қайтару жұмыстары да сапасыз. Мәселен, прокурорлар бір ғана Ертіс ауданынан 89 мың гектар жердің мақсатсыз пайдаланылып жатқа­нын анықтаған. Алайда мемлекетке қайтарылғаны небәрі – 2,5 мың гектар. Бұл деректер жерді тиімді пайдалануды басқару ауыл шаруашылығы үшін аса маңызды екенін аңғартады.

Ресми деректерге сүйенсек, Павло­дар облысында төрт түлік­тің саны жыл өткен сайын өсіп ке­леді. 2024 жылмен салыстырғанда қара мал – 57, жылқы – 42, ұсақ мал 34 пайыз­ға өскен. Биылғы 1 мамырдағы есеп бойынша, өңірде 603,9 мың ірі қара, 845 мыңнан астам қой-ешкі, 355 мың жылқы бар. Күніне осыншама малдың өріске шығуы (тауар­лы сүт фермаларында ұсталатын 48 мың сиырды шегеріп тастағанда) жайылымдарға қаншама жүктеме түсіріп отырғанын өзіңіз есептей беріңіз. Қолданыста 8 млн гектардай жайылым бар болғанымен, оның біраз бөлігі шалғай болуына байланысты пайдаланылмайтынын ескерген абзал.

Павлодар облысы 

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью