Qazaq24.com, Sputnik.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
АСТАНА, 14 мамыр – Sputnik. Шығыс Қазақстан облысында ЖШС атынан жалған шот-фактуралар рәсімдеумен айналысқан бір топ тұлғаның заңсыз әрекетін тоқтатылды, деп хабарлады қаржылық мониторинг агенттігі.
Заңсыз әрекеттер "Усть-Каменогорск инерт" ЖШС атынан дайындалған.
Тергеу амалдарына сай, 2023 жылдың маусым-қыркүйек айлары аралығында күдіктілер азаматтық-құқықтық келісімшарттар бойынша міндеттемелерді орындау ниетінсіз, ауыр техникаға арналған қосалқы бөлшектер жеткізілгені туралы жалған бухгалтерлік құжаттарды жүйелі түрде рәсімдеп отырған.
Бұл құжаттар арқылы олардың серіктестері корпоративтік табыс салығы мен қосылған құн салығын қоса алғанда, салық төлеуден заңсыз жалтарған.
"Аталған заңсыз схемаға Мемлекеттік кірістер басқармасының қызметкері де қатысқан. Ол салықтық бақылаудан кедергісіз өту үшін қажетті жалған құжаттарды рәсімдеуге көмектескен", - деп жазылған хабарламада.
Қолма-қол ақшаға айналдырылған қаражаттың жалпы көлемі 356 млн теңгені құрады. Мемлекетке төленбеген салықтар түрінде 91 млн теңгеден астам ірі залал келтірілген.
Сот санкциясымен күдіктілердің 3 пәтері мен бір автокөлігіне тыйым салынды.
Қылмыстық іс сотқа жолданды.