Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Депутаттың айтуынша, қолданыстағы заңнама бойынша шекара белдеуінде жатқан жер телімдерін жеке меншікке және уақытша жер ретінде пайдалануға беруге тыйым салынған. Алайда, іс жүзінде осы санатқа жататын үш мыңнан астам учаске жеке және заңды тұлғалардың меншігінде қалып отыр. Сенатор бұл телімдердің бәрі мемлекетке қайтарылуға тиіс деген ұстанымын айтты. Өйткені мемлекеттік шекараның жекелеген бөліктерінде белдеу енінің жетіспеуі қосымша қауіп тудырып отыр.
—Жамбыл және Түркістан облыстарындағы Қырғыз Республикасымен, Өзбекстан Республикасымен арадағы шекарада белдеудің ені кей жерлерде 30 метрден аспайды. Бұл құқық бұзушыларға оны санаулы минуттарда басып өтуге мүмкіндік береді. Мұндай аумақтар тауарлар мен ауыл шаруашылығы жануарларының контрабандасы үшін пайдаланылады. Сондықтан шекара белдеуінің енін 1000 метрге дейін ұлғайту және толыққанды шекаралық инфрақұрылымды орналастыру үшін жағдай жасау қажет, — деді Амангелді Нұғманов.
Сенатор мемлекеттік шекараның жекелеген учаскелерінде белдеу енін ұлғайту мәселесін Үкімет деңгейінде қарастырып, жер заңнамасына енгізілуі мүмкін өзгерістерге кешенді құқықтық және әлеуметтік-экономикалық баға беруді ұсынды.
Бұған дейін Мәжіліс қазақ-қырғыз шекарасындағы өткізу пунктері туралы келісімге өзгеріс енгізгенін жазған болатынбыз.