Tengrinews.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Астанада Халықаралық жастар күніне арналған іс-шара өтті. Оған Қазақстанның барлық өңірінен үш мыңға жуық жас - еріктілер, ғалымдар, кәсіпкерлер, жастар ұйымдары мен мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ мәдениет және спорт қайраткерлері қатысты, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Жиын барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауы оқылды. Мемлекет басшысының үндеуін премьер-министрдің орынбасары - мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев жастар қоғамның қозғаушы күші, тың идеялардың бастауы екенін атап өтті.
"Жастарды қолдау саясаты мемлекетіміз үшін әрдайым негізгі басымдық болып қала береді. Қазіргі таңда республикамыздың әр аймағында көптеген мектептер, спорт нысандары, даму орталықтары салынып жатыр. Ауқымды жобалар қолға алынып, дарынды жастарға жан-жақты қолдау көрсетілуде. Бүгін табысталатын "Тәуелсіздік ұрпақтары" гранты – соның жарқын көрінісі. "Жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпарды" анықтайтын үздіктер сайысы озық ойлы, отаншыл, білімді әрі еңбекқор азаматтардың басын қосып отыр", - делінген құттықтау мәтінінде.
Сонымен қатар беделі жоғары мемлекет ретінде Қазақстанның нық даму жолына түсіп, тарихи өрлеу дәуіріне қадам басқаны атап өтілді.
"Еліміз жаппай цифрландыру ісін қарқынды жүргізіп, жасанды интеллект технологияларын барлық салаға белсенді енгізіп жатыр. Түптеп келгенде, біздің мақсатымыз – экономикасы қуатты, Заң мен Тәртіп үстемдік ететін, Әділетті, Озық, Қауіпсіз әрі Таза Қазақстанды құру. Жаңашылдыққа ұмтылған, игі бастамалардың бел ортасында жүрген жалынды жастар кез келген белесті бағындыра алады. Мен бұған кәміл сенемін! Баршаңызға табыс тілеймін! Жолдарыңыз ашық болсын! Қастерлі Отанымыз – Қазақстан көркейе берсін!", - деп жазылған Президент құттықтауында.
Іс-шара аясында "Тәуелсіздік ұрпақтары" гранты байқауы жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтіп, соңынан қатысушылар үшін мерекелік концерт ұйымдастырылды.
Еске сала кетейік, Халықаралық жастар күні бүгін, 12 тамызда атап өтіледі. Бұл мереке 1999 жылы бекітілген.
Тағы оқыңыз: “Ел мерейін асырды“: Тоқаев қазақстандық оқушылардың жетістігін еске салды
Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз
Жазылу