Qazaq24.com, Arasha.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
Қазақстанның Халық әртісі Рамазан Стамғазиев “Айран” арнасына берген сұхбатында өзіне бірнеше рет қызмет ұсынылғанын, алайда одан саналы түрде бас тартқанын айтты, деп хабарлайды Arasha.kz.
Өнер иесі азаматтық ұстанымын жасырмайтынын, қажет кезде пікірін ашық білдіруді парыз санайтынын жеткізді. Оның айтуынша, Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесі көтерілгенде де, жаңа Конституция жобасындағы қазақ тіліне қатысты 9-баптың 2-тармағына да қарсы болған.
Журналист «сізге қызмет ұсынылды ма?» деген сұрақ қойған кезде әнші мұндай ұсыныстардың болғанын растады. Алайда ол билікке барудың мәнін көрмейтінін ашық айтты.
«Не істеймін онда? Мені кім тыңдайды? Бекболат Тілеухан мен Өнербаев Парламентте сөйледі, біреу тыңдады ма? Шерхан Мұртазаның сөзін тыңдады ма? “Жыланда ғана екі тіл бар” деп те, “алтынның үстінде жалаңбұт отырмыз” деп те айтқан сол кісі еді. Оны кім естіді? Мен барғанда нені өзгертемін? Уақытымды соған жұмсағанша, қазақтың балаларына ән үйретейін, білім берейін, кітап оқытайын, адамдық жолға бағыттайын. Қызметке шақырғаны рас, бірақ онда мен домбырамды сүйеп кетуім керек. Кәсібімді қоюыма тура келеді», – деді Стамғазиев.
Әнші өзінің жолы – сахна мен ұстаздық екенін атап өтті. Ол дәстүрлі ән өнерін кейінгі буынға аманат етуді басты міндет санайтынын айтты. Осы тұста ол әйгілі дәстүрлі әнші Қайрат Байбосыновтың сөзін еске алды: «Біз ХХ ғасырда ХІХ ғасырдың жүгін көтердік, енді сол өнерді ХХІ ғасырдың жігіттеріне тапсырамыз».