Qazaq24.com, Sputnik.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..
АСТАНА, 9 сәуір – Sputnik. Трансатлантикалық қатынастың болашағы мен НАТО-ның бірлігін сақтау мәселесі сәрсенбі күні Германия канцлері Фридрих Мерц пен АҚШ президенті Дональд Трамп арасында өткен телефон әңгімесінің негізгі тақырыптарының бірі болды, деп хабарлады Spiegel журналы Германия үкіметіндегі дереккөзге сілтеме жасап.
"(Трамппен болған) қысқа әңгіме барысында Иран төңірегіндегі қақтығысқа байланысты келісілген бітім, сондай-ақ трансатлантикалық қатынастар сөз болды", – делінген материалда.
Басылымның мәліметінше, Трамп соңғы уақытта Германия үкіметін және Мерцтің өзін Ормуз бұғазын ашу мәселесіне қатысудан бас тартқаны үшін бірнеше рет сынға алған. Осыған байланысты АҚШ президенті Вашингтонның НАТО-дан шығуы мүмкін екенін айтып сес көрсеткен.
Spiegel дерегіне сәйкес, телефон әңгімесі барысында Мерц Трамппен "бастапқы жақсы қарым-қатынасты" қалпына келтіруге тырысқан.
Германия билігі кез келген жағдайда НАТО мүшелерінің жікке бөлінуіне жол бермеуге ниетті екені айтылды, өйткені олар, әсіресе, Украинадағы қақтығыста АҚШ-тың әскери қолдауын сақтауға мүдделі.
Басылымның болжауынша, алдағы күндері Берлин мен Вашингтон арасын жақындату бағытында қосымша қадамдар жасалуы мүмкін.
Бұған дейін Трамп НАТО-ның АҚШ-қа нақты көмек көрсете алатынына күмән келтіріп, альянсты айыптаған болатын. The Telegraph газетіне берген сұхбатында ол альянстың Иранға қарсы операцияда көмектесуден бас тартуына байланысты АҚШ-ты НАТО-дан шығару мүмкіндігін шындап қарастырып отырғанын мәлімдеді.