Мергендер көші басында Месси

24.06.2026

Egemen.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

«J» тобында өнер көрсететін Аргентина құрамасы екінші турында Аустрия футболшыларын 2:0 есебімен тізе бүктірді. АҚШ-тың Арлингтон қаласындағы «Эй-Ти-энд-Ти» стадионында өткен мат­ч­та есеп 9-минутта-ақ ашылуы мүмкін еді. Мысырлық төреші Әмин Омар ­ша­бу­­ыл­шы Лаутаро Мартинеске қарсы ереже бұзылғанын тіркеп, Аустрия қақпасына пенальти белгіледі. Алайда әлем чемпионы Лионель Месси 11 метрлік айып добын голға айналдыра алмады.

Лео үшін бұл әлем чемпионатта­рындағы алғашқы сәтсіз пенальти емес. Бұған дейін де ол мундиаль матчтарында бірнеше рет айып добынан мүлт кеткен болатын. Дегенмен бұл жағдай аргентиналықтардың сағын сындырмады. Командалық бірлік пен жоғары ойын тәртібін көрсете білген Аустрия қорғанысы бірінші таймның соңына қарай сыр бере бастады. 38-минутта Лионель Месси оңтайлы мүмкіндікті шебер пайдаланып, сол аяғымен дәл соққы жасап, есеп ашты. Ал негізгі уақытқа қосылған 90+5-минутта қақ­па ал­дындағы қар­баласта табандылық танытып, матч­тағы екінші голын соқты.

Осылайша, Месси өзі қатысып отырған алтыншы әлем чемпионатында соққан голдарының санын 18-ге жеткізіп, мергендер көшін жеке-дара бастады. Ол Германия құрамасының бұрынғы ­шабу­­ылшысы Мирослав Клозенің әлем чемпионаттарында тіркелген 16 голдық рекордын жаңартты.

38 жастағы Месси бастаған Аргентина құрамасы екі турда да жеңіске жетіп, өз тобында көш бастады және плей-офф кезеңіне мерзімінен бұрын жолдама алды. 2022 жылы Қатарда өткен әлем чемпионатының финалында Францияны жеңіп, әлем чемпионы атанғаннан кейін көптеген маман Лионель Мессидің дәуірі аяқталуға жақын деп болжаған еді. Алай­да арада төрт жылға жуық уақыт өтсе де, аргентиналық жұлдыз керісінше, бұрынғыдан да қуатты ойын көрсетіп келеді. Аңыз футболшының басты арманы – 38 жасында қатарынан екінші мәрте әлем чемпионы атану.

Бұл топтағы екінші турдың тағы бір маңызды кездесуі АҚШ-тың Санта-Клара қаласындағы «Левайс» стадионында өтті. 68 мыңнан астам жанкүйер жиналған аренада Иордания құрамасы Алжир футболшыларынан 1:2 есебімен жеңілді. Матчтың 36-минутында иорданиялық жартылай қорғаушы Назар Әл Рашдан есеп ашып, өз командасын алға шығарды. Алайда екінші таймда Алжир құрамасы ойын тізгінін өз қолына алды. 69-минутта Надыр Бенбуали таразы басын теңестірсе, 82-минутта Әмин Гуири жеңіс голын соқты. Нәтижесінде, Алжир құрамасы алғашқы үш ұпайын еншілеп, турнир кестесінде үшінші орынға көтерілді.

Әр тур сайын қыза түскен әлем чемпионатында Франция құрамасы да кезекті жеңісіне қол жеткізді. АҚШ-тың Филадельфия қаласындағы «Линкольн Файненшел Филд» стадионында француздар Ирак құрамасын 3:0 есебімен ұтты. Килиан Мбаппе 14-минутта есеп ашып, 54-минутта өзінің екінші голын соқты. Ал 66-минутта Усман Дембеле мергендігімен көзге түсіп, Франция құрамасына маңызды үш ұпай сыйлады.

«І» тобында Норвегия құрамасы Сене­галды 3:2 есебімен жеңіп, ұпай қорын молайтты. АҚШ-тың Ист-Ратерфорд қаласындағы «Метлайф» стадионында өткен кездесуде алғашқы голды 43-минутта норвегиялық қорғаушы Маркус Педерсен соқты. 48-минутта Эрлинг Холанн есепті еселесе, 58-минутта дубль авторы атанды. Сенегал құрамасынан Исмайла Сарр 53-минутта есеп айырмасын қысқартты. Ал 90+3-минутта тағы бір гол соққанымен, африкалықтарға таразы басын теңестіру бұйырмады.

Бұл топтан плей-офф кезеңіне бірінші орынмен қай құраманың шығатыны үшінші турда өтетін Норвегия – Франция матчында анықталады. Екі команда да алғашқы екі ойынында жеңіске жетіп, келесі кезеңге шығу мәселесін алдын ала шешіп қойған.

Әлем чемпионатының екінші турынан кейін жанкүйерлер назары тағы да Лио­нель Месси мен Килиан Мбап­пе секілді жұл­дыз­дарға ауды. Алдағы турларда мундиальдың жаңа рекордтары тіркеліп, жарыс одан әрі қыза түсуі әбден мүмкін.

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью