Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..
Microsoft өкілдері Maia 200 бұрынғы чиптерге қарағанда әлдеқайда тиімді екенін айтады. Бағасы мен мүмкіндігін салыстырғанда, ол 30%-ға ұтымды. Ал Amazon Trainium чипімен салыстырғанда, 3 есе жылдам жұмыс істейді.
– Maia 200 – біздің осы уақытқа дейін жасаған ең қуатты AI-чипіміз. Ол жасанды интеллект жүйелерін іске қосуға кететін шығынды азайтып, жұмысын жылдамдатады, - деп мәлімдеді компания.
Жаңа чип негізінен жасанды интеллектінің мәтін жазу, сұраққа жауап беру немесе сурет жасау секілді қызметтеріне арналған.
Компанияның дерегінше, Maia 200 қазір деректер орталықтарында қолданылып жүрген жабдықтардан әлдеқайда өнімді. Microsoft оны басқа ірі бұлтты платформалардағы бәсекелес чиптерден де озық деп отыр.
– Maia 200 Amazon-ның үшінші буындағы Trainium чипінен үш есе жылдам. Ал Google-дың жетінші буындағы TPU чипімен салыстырғанда да өнімділігі жоғары, - делінген ресми хабарламада.
Maia 200 заманауи 3 нанометрлік технологиямен жасалған. Оның ішінде 140 миллиардтан астам транзистор (электр тогын күшейтетін немесе қосып-өшіретін өте кішкентай электрондық бөлшек) бар. Чип қуатты көп жұмсамай, жылдам есептеуге икемделген. Бұл қазіргі ірі жасанды интеллект модельдері үшін өте маңызды.
Microsoft өкілдерінің айтуынша, Maia 200 бүгінгі ең күрделі AI модельдерін еркін іске қоса алады әрі болашақта одан да ауқымды жүйелерге дайын.
Жаңа чип Microsoft-тың негізгі сервистерінде қолданылатын болады. Атап айтқанда, Azure, Microsoft Foundry және Microsoft 365 Copilot осы чипке сүйенеді. Сонымен қатар, OpenAI жасаған GPT-5.2 модельдері де Maia 200 арқылы жұмыс істейді.
– Компания ішіндегі Superintelligence тобы бұл чипті жасанды деректер құрастыру және келешектегі AI жүйелерін жетілдіру үшін пайдаланбақ, - деп хабарлады Microsoft.
Қазір Maia 200 АҚШ-тың Айова штатындағы Де-Мойн қаласына жақын деректер орталығында іске қосылған. Алдағы уақытта Аризона штатының Финикс аймағында да қолданысқа енгізіледі. Компания чипті біртіндеп басқа өңірлердегі бұлтты инфрақұрылымына таратуды көздеп отыр.
Сонымен қатар Microsoft Maia 200-ге арналған арнайы бағдарламалық құралдар жиынтығын таныстырды. Бұл құралдар әзірлеушілерге бұрынғы жасанды интеллект модельдерін жаңа чипке оңай көшіруге, арнайы терең техникалық білімді қажет етпей, жүйенің жұмысын реттеуге көмектеседі.
Айта кетейік, Microsoft компаниясы өткен жылы Call-орталықтарында ЖИ қолдану арқылы 500 миллион доллардан астам қаржы үнемдеген.