Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ескілікті аңсамай, алға қарай ұмтылып, ғылымды дамытуға ден қоюға шақырды, деп хабарлайды Tengrinews.kz Ақордаға сілтеме жасап.
"Бүгінде еліміздегі қоғамдық өмірдің барлық саласы реформаланып, бірегей инновациялық стандарттар мен тәсілдер қолданылуда. Мемлекеттік институттар мен экономикада ғана емес, ең маңыздысы, азаматтық сана-сезім мен ұлт менталитетінде байыпты әрі ауқымды жаңғыру үрдісі жүріп жатыр", - деді Мемлекет басшысы.
Президент соғыстарға, дағдарыстарға және өзара сенімсіздікке толы қазіргі әлемде мұндай жүйелі қоғамдық трансформацияның өзі бірегей екенін және ешбір өңірде мұндай ұқсас мысалдар жоқ екенін атап өтті.
"Қазақстан түбегейлі реформа жолына түсті, көзге айқын көрінетін өзгерістер жүріп жатқан елге айналды деп толық сеніммен айта аламыз. Осы жаңғыру жолынан жаңылмай, қол жеткізген нәтижелерді орнықтыру үшін ұлтымыздың тарихи дамуындағы негізгі аспектілерге қатысты ұстанымымыз бен көзқарасымызды өзгерткен жөн.
Қоғамымыз аңыздарға емес, шынайылыққа арқа сүйеуі керек. Ескілікті аңсамай, алға қарай ұмтылып, ғылымды дамытуға ден қоюға тиіс. Аузымен орақ орғандар емес, істің адамы бағалануы қажет. Жалғандыққа жаны қас, шындыққа жақ халық болғанымыз жөн", - деді Тоқаев.
Президенттің айтуынша, бұл маңызды қағидаттар келешек ұрпақтың идеологиясының құрамдас бөлігіне айналуы тиіс.
"Ынтымағы мен бірлігі жарасқан халқымыз тарихта талай сынаққа қасқайып қарсы тұрды. Енді өзінің күш-қуатын даму көкжиегін кеңейтуге жұмылдырса деген тілек бар. Жасампаздық пен еңбек қана мұратымызға жеткізеді", - деді ол.
Сонымен қатар Президент жаһандық құбылмалылық пен өзара сенім тапшылығы кезеңінде Қазақстан өзінің жоғары халықаралық беделін сақтап отырғанын қадап айтты.
"Жаһан елдері, соның ішінде әлемдік саясатта ықпалы зор мемлекеттердің өзі біздің пікірімізге құлақ асады. Бұл – өте маңызды. Біз ұлттық мүддемізді бәрінен биік қоя отырып, елімізге тән бейбітшілік, өзара достық пен тиімді серіктестік құндылықтарын күллі әлемге табанды түрде дәріптей береміз", - деді Тоқаев.
Президент қол жеткізілген табыстар ұлттың ауызбіршілігі мен азаматтардың ортақ мақсатқа жетудегі бірлігінің арқасында мүмкін болғанын атап өтті.
"Еліміздің басты қуаты, яғни, стратегиялық басымдығы – халықтың мызғымас бірлігінде және жасампаз рухында. Біз озық ел ретінде биік мақсаттарға ұмтылуымыз керек. Ұсақ-түйек, кертартпа әңгімелерге, әлеуметтік енжарлыққа ұрынбай, әрқашан алға үмітпен, сеніммен қарауымыз қажет.
Біздің нақты жоспарымыз бар, бағдарымыз да – айқын. Тек өзімізге сеніп, табанды жұмыс істеуіміз керек", - деп толықтырды Мемлекет басшысы.
Бұған дейін Президент Қазақстан тарихын бұрмалауға жол бермеуге және ұлттық бірегейлікті тек өткеннің қайғылы беттеріне негіздемеуге шақырды.
Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз
Жазылу