Михаил Шайдоров елге оралды: Олимпиада чемпионына пәтер кілті табысталды

25.02.2026

Qazaq24.com, Azh.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..

XXV қысқы Олимпиада ойындары чемпионы Михаил Шайдоров елге оралды. Бұл туралы Azattyq Rýhy хабарлады.

Мұз айдынында ел намысын қорғап, тарихи алтын медаль иеленген спортшыны Астана әуежайында жанкүйерлер мен спорт қауымдастығы салтанатты түрде қарсы алды. Әуежай терминалында Михаил Шайдоровтың есімі жазылған баннерлер ілініп, мемлекеттік ту көтерілді және тіпті сахна орнатылды. Спортшыларды арнайы құттықтау үшін Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің басшысы Геннадий Головкин келді. Ол олимпиадашылардың эмоциясын жақсы түсінетінін, өйткені ол да бір кездері жоғары дәрежелі марапаттармен отанына оралғанын атап өтті.

Салтанатты рәсім барысында чемпионға үш бөлмелі пәтердің кілті табысталды. Сондай-ақ әйелдер арасындағы мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан атынан қатысып, үздік ондыққа енген Софья Самоделкинаға бір бөлмелі пәтер сертификаты берілді. Ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Әсем Қасенова да бір бөлмелі пәтермен марапатталды. Сыйлықтарды Қазақстан мәнерлеп сырғанау одағы ұсынды.

Айта кетейік, Қазақстанға қысқы Олимпиада ойындарында соңғы рет 1994 жылы Владимир Смирнов алтын медаль әперген еді. Араға 32 жыл салып, Шайдоров бұл жетістікті қайталап отыр.

Олимпиада бағдарламасы бойынша ол бастапқы кезеңде бесінші орынға тұрақтаған. Алайда еркін бағдарламада жоғары шеберлік көрсетіп, шешуші сәтте үздік нәтиже тіркеп, алтын медальді жеңіп алды.

Бүгін, 09:27

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью