Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..
Бұл туралы «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Гүлісхан Нахбаева Jibek Joly арнасындағы «Бүгін LIVE» бағдарламасына берген сұхбатында мәлімдеді.
- Жастар саясаты туралы заңға сәйкес, жастар санатына 14 пен 35 жас аралығындағы азаматтар кіреді. Біздің орталық мамандары жастарды бірнеше жас ерекшелігі бойынша жіктейді: 14–18, 18–25, 25–29 және 29–35 жас. Әр топтың ішінде де өзіндік айырмашылықтар бар, олардың қатарында миллениалдар мен зумерлер де кездеседі. Мысалы, миллениалдар буыны білімге құштар, кітап оқуға жақын әрі еңбекқор болып қалыптасқан. Бұл қасиеттер олардың бойына ата-анасының еңбекке баулу тәрбиесі арқылы сіңген.
Ал бүгінгі жастар цифрлық дәуірде өскендіктен, мобилография, ІТ секілді жаңа әрі креативті мамандықтарға көбірек қызығушылық танытады. Осыған байланысты жұмысшы мамандықтарын таңдауға асыға бермейді, - дейді Гүлісхан Нахбаева.
Спикер сөзінше, зумер буынына жұмыс ұсынылса, олар бірден келісе салмайды.
– Жастар алдымен жалақы көлемін, жұмыс жағдайын, басшылықтың талаптарын саралап, өз бетінше зерттеу жүргізеді. Тек барлық шарттарға көз жеткізгеннен кейін ғана жұмыс істеуге дайын немесе дайын еместігін білдіреді. Бірақ бұл буын мемлекетпен тығыз жұмыс істеуге құштар, - деді ол.
Сондай-ақ ол кейінгі буынның саяси көзқарасы мен белсенділігі туралы да айтып берді.
- Қазіргі жастар шешім қабылдауда шапшаң әрі белсенді. Олар мемлекеттің саяси үдерістеріне қатысып, өз дауысы мен ұстанымын ашық білдіруге ұмтылады. Мемлекет олармен ашық пікір алмасқанын қалайды.
Сонымен бірге жастар тек қолдау алушы емес, мемлекетпен серіктестік негізде жұмыс істеуге мүдделі. Бүгінде елімізде жастарға арналған 25-ке жуық мемлекеттік грант жобасы жүзеге асырылып жатыр. Олардың қатарында Президенттік жастар кадр резерві, «Болашақ» халықаралық білім беру бағдарламасы, «Жастар практикасы» секілді бастамалар бар. Мұндай жобалар жас буынның ынтасын арттырып, дамуына серпін беріп келеді, - дейді ол.
Айта кетейік, бұған дейін маман альфа ұрпақ тәрбиесіндегі басты қағиданы атағаны жазылған болатын.