Миллиардтаған доллар инвестиция тартты

30.06.2026

Aikyn.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Келіссөздер барысында өңіраралық экономикалық ынтымақтастықты кеңейту, жаңа өндірістер ашу, инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды. Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша, жалпы құны 4 млрд АҚШ долларын құрайтын өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Бұл – Абай облысына тартылған ең ірі инвестициялық келісімдердің бірі.

Қытайлық кәсіпкерлер көлік және логистика, тау-кен өнеркәсібі, құрылыс индустриясы, энергетика, өндіріс және инфрақұрылым салаларында бірқатар ауқымды жобаны жүзеге асыруға ниетті екендіктерін жеткізді. Осы бағыттар бойынша нақты келісімдер жасалып, алда­ғы уақытта ірі компаниялардың өкілдері Абай өңірінде жобаларды іске асыру жұмыстарын бастайды.

Кездесулер барысында облыс әкімі Берік Уәли әрбір инвестормен жеке жүздесіп, ұсынылған жобаларды жан-жақты талқылады. Ол инвесторларға Қазақстандағы инвестициялық ахуал, мемлекет тарапынан ұсынылатын жеңілдіктер мен қолдау тетік­тері туралы кеңінен ақпарат берді. Сонымен қатар өңірдің географиялық орналасуы, табиғи ресурстары, көлік дәліздері мен өндірістік әлеуеті туралы мәлімет ұсынып, Абай облысының инвестициялық мүмкін­діктеріне тоқталды. 

«Біз шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасауға және өзара тиімді әріптестік орнатуға ерекше мән береміз. Өйткені инвестиция тарту –Мемлекет басшысының тікелей бақылауында тұрған маңызды бағыт­тың бірі», – деді облыс әкімі Берік Уәли.

Инвестиция салуға ниет білдірген ком­пан­иялардың қатарында әлемдік нарықта өз орны бар ірі холдингтер де бар. Соның бірі – Jiachen Group. Тау-кен өнер­кәсібі саласында жұмыс істейтін бұл компания Абай облысына 1 млрд доллар көлемінде инвестиция салуға келісім берді. Жоба аясында Мақаншы ауданында алюминий өнімдерін өндіретін зауыт бой көтереді. Сонымен қатар компания өндіріс іске қосылғаннан кейін 2 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашуды жоспарлап отыр. Бұл жоба өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып қана қоймай, халықты тұрақты жұмыспен қамтуға және жергілікті экономиканың дамуына айтарлықтай серпін береді.

Сапар барысында өңірдің инфрақұры­лымдық дамуына инвестиция салуға қызы­ғушылық танытқан тағы бір ірі ком­паниямен келісімге қол жеткізілді. Әлемнің 30-дан астам елінде өз жобаларын табысты жүзеге асырған DDS Group компаниясы Бақты ауылында ауқымды өнеркәсіптік парк салуды жоспарлап отыр. Жалпы аума­ғы 3 мың гектарды құрайтын өндірістік аймақтың құрылысы биыл басталады. Құны 1,5 млрд долларға бағаланған жоба Қазақстан мен Қытай арасындағы шекаралық сауда-экономикалық байланысты дамытуға және жаңа өндірістерді орналас­тыруға мүмкіндік береді. Кездесу қорытын­дысында облыс әкімі Берік Уәли мен ком­пания жетекшісі Хуа Дунъи өзара түсініс­тік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Қытайлық кәсіпкерлермен жұмысты жүйелі түрде жалғастыру және олардың өңірге деген сенімін арттыру мақсатында Үрімжі қаласында «Семей» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының кеңсесі ресми ашылды. Бұл кеңсе Абай облысы мен Қытай арасындағы экономикалық байланысты нығайтуға, әлеуетті инвес­торларға өңірдің инвестициялық мүмкін­діктері туралы ақпарат беруге және Қазақ­стан заңнамасына қатысты кеңес ұсынуға бағытталған. Сондай-ақ екі елдің бизнес өкілдері арасындағы тұрақты байланыс алаңына айналады.

Делегацияның жұмыс сапары бұдан әрі Ішкі Моңғолия автономиялық өлкесінің Ордос қаласында жалғасты. Мұнда сапардың маңызды нәтижесінің бірі ретінде Inner Mongolia Wanjiang Invest компаниясымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Құжатқа сәйкес, Абай облысында жылына 300 мың тонна алюминий өнімін өндіретін заманауи зауыт салынып, жалпы қуаты 1 ГВт болатын жел электр стансалары іске қосылады. Осы екі жобаның жалпы инвестициялық құны 1,5 млрд дол­ларды құрайды.

Бұл бастамалар өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін күшейтіп қана қоймай, жаңарты­латын энергия көздерін дамытуға, өндірісті әртараптандыруға және жаңа жұмыс орын­дарын ашуға мүмкіндік береді. Соны­мен қатар жобалар Абай облысының экс­порттық әлеуетін арттырып, өңір эконо­микасының ұзақмерзімді дамуына оң әсер етеді.

Ордос қаласындағы сапар барысында Берік Уәли бірқатар заманауи өндіріс орнының жұмысымен танысып, кәсіп­орындардың өндірістік қуаты мен тех­нологиялық мүмкіндіктерін көрді. Кезде­сулер барысында өнеркәсіптік коо­перацияны дамыту, жоғары техноло­гияларды енгізу, тәжірибе алмасу және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мәсе­лелері кеңінен талқыланды.

Жалпы алғанда, әкімнің Қытайға жасал­ған жұмыс сапары Абай облысының ин­вес­­тициялық тартымдылығын халық­аралық деңгейде танытып, өңірге жаңа капитал тартуға, өндірісті дамытуға және ұзақмерзімді экономикалық өсімнің негізін қалауға ба­ғыт­талған маңызды қадам болды.

Омар ҰЛАРБЕКҰЛЫ

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью