Миллиардтар жұмсалған Алакөл: жағалауды бекіту жұмыстары қалай жүріп жатыр

29.03.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..

Өңірдің құрылыс басқармасы басшының міндетін атқарушы Санжар Қабдебектің редакцияның ресми сауалына берген жауабында Алакөл көліндегі бөгет құрылысы екі кезеңде жүргізіліп жатқанын айтты.

Бірінші кезеңге жағалауды қорғауға арналған құрылыс кіреді. Жоба мемлекеттік сараптамадан өтіп, 2024 жылдың 22 мамырында оң қорытынды алған. Құрылыс-монтаж жұмыстары 2025 жылдың тамызында басталып, қазіргі уақытта қарқынды жүргізіліп жатыр.

Екінші кезеңде жағалауды абаттандыру жоспарланып отыр. Онда серуендеуге арналған жағалау аймағы салынады. Осы бағыттағы жұмыс жобасы әзірлеу кезеңінде тұр.

Қандай жұмыстар істелді

Көктұма ауылында 960 метрлік жағалауды бекемдеу жұмыстары жүргізілді: 100 мың текше метр көлемінде жер жұмыстары жасалып, 4 мың текше метр бетон құйылды, сонымен қатар 4 мың текше метр көлемінде габион конструкциялары орнатылды.

Ақши ауылындағы 200 метрлік учаскеде де жұмыстар жүргізілді, жер жұмыстары, бетондалған төбелер мен бетон тіреу құрылымдары салынды.

Жоба бойынша Алакөл көлінің жалпы ұзындығы 13,99 шақырым жағалауын бекемдеу жұмыстары жоспарланған: Ақши ауылы — 40,430 шақырым, Көктұма ауылы — 3,560 шақырым. Қазір Көктұма ауылында бетон төсемін құю және парапеттерді орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Фото: Kazinform

Ақши ауылындағы 500 метрлік учаскеде төбелерді қалыптастыру және нығайту, сондай-ақ бөгеттің тұрақтылығын қамтамасыз ететін тіреу конструкцияларын монтаждау жалғасып жатыр.

— Жұмыстар кестесіне сәйкес, қажетті қаржы бөлінсе, бірінші кезеңнің құрылысы 2027 жылдың шілдесіне дейін аяқталады деп жоспарланған, — деді Санжар Қабдебек.

Жобаға бөлінген қаржы

Алакөл көлінің жағалауын нығайту жобасының бірінші кезеңінің жалпы құны — 17,8 млрд теңге. 2025 жылы осы мақсатқа республикалық бюджеттен 1,5 млрд теңге бөлінсе, 2026 жылы тағы 1 млрд теңге қарастырылған.

Жағалау аймағы

Эскиздік жоба дайын. Концепция бойынша жағалауды нығайту құрылысы төбелі болып жасалады, оның үстінде серуендеуге арналған жол салынады, абаттандыру элементтері, санитарлық құрылымдар мен қауіпсіздік жүйелері орнатылады.

Демалушыларға қандай жағдай жасалады

Жобаның екінші кезеңінде мына жұмыстар жоспарланған:

• бөгет төбесінде жаяу жүретін жол салу;
• демалыс аймақтарын орнату (орындықтар, қоқыс жәшіктері);
• сыртқы жарықтандыру жүйесін енгізу;
• жағажайды қолжетімді ету (баспалдақтар, пандустар, мүгедектігі бар адамдарға арналған көтергіштер);
• санитарлық нысандарды орналастыру (модульді дәретханалар, душ бөлмелері, киім ауыстыру кабиналары);
• қауіпсіздік жүйелерін енгізу (бейнебақылау, хабарландыру жүйесі).

Фото: Үкімет

— Бұл жұмыстар Алакөл көлінің жағалауын ыңғайлы, қауіпсіз және қолжетімді етуге, сондай-ақ жағалауды абаттандыру деңгейін арттыруға бағытталған, — дейді Санжар Қабдебек.

Еске салайық, бұған дейін Алакөл ауданының әкімі Алмас Әбдинов Алакөл көлінің жағалауын бекемдеу және серуен аймағын абаттандыру жобасы 2025 жылы жазда басталатынын хабарлаған еді.

Сол кезде жұмыстар әуелі Көктұма ауылы жақтан басталатыны, содан соң Ақши ауылында жалғасатыны айтылған. Жобаны екі жыл ішінде аяқтау жоспарланып отыр. Бөгеттің жалпы ұзындығы 13 шақырымнан асады.

Айта кетейік, Алакөл көлі жағалауын нығайту мәселесі жылдар бойы күн тәртібінен түскен емес. Бұл тек Шығыс Қазақстан облысының емес, Жетісу облысының да маңызды жобаларының бірі болып есептеледі. Үш жыл бұрын туристік бизнес өкілдері жобаны тезірек аяқтау керегін айтып, мәселенің 15 жылдан астам уақыт бойы өзекті екенін ескерткен еді. Сол уақыт аралығында ондаған демалыс базасы су астында қалып, кәсіпкерлерге айтарлықтай залал келген.

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью