Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
Семейде Dala SK құрылыс компаниялары тобының басшыларына қатысты үкім шықты. Тергеу нұсқасы бойынша, олар құрылысқа рұқсат құжаттары болмаса да, интернетте пәтерлерді сату туралы жарнама орналастыру арқылы қазақстандықтардың ақшасын тартқан. Үйлер Семей және Өскеменде салынған, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Семейде Dala SK құрылыс компаниялары тобының басшыларына қатысты үкім шықты. Тергеу нұсқасы бойынша, олар құрылысқа рұқсат құжаттары болмаса да, интернетте пәтерлерді сату туралы жарнама орналастыру арқылы қазақстандықтардың ақшасын тартқан. Үйлер Семей және Өскеменде салынған, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Іс бойынша не белгілі?Семейде қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сот Dala SK құрылыс компаниялары тобының басшыларына қатысты істі қарады. Сот кәсіпкерлер Ж. мен Н. 2022 жылдың қазанынан 2024 жылдың желтоқсанына дейінгі кезеңде заңсыз кәсіпкерлікпен айналысып, Өскемендегі үлестік құрылысқа қатысушылардың 1 533 881 485 теңге ақшасын иемденгенін анықтады.
Сотталушылар Ж. мен Р. 2023 жылдың мамырынан 2025 жылдың наурызына дейін заңсыз кәсіпкерлік қызмет нәтижесінде Семейдегі үлестік құрылысқа қатысушылардан 1 533 881 485 теңге сомасында қаражат алған.
"Сондай-ақ Ж. мен Р. алдау және сенімге қиянат жасау жолымен, салынып жатқан Irtysh Riverside тұрғын үй кешенінен пәтер сатып алу бойынша 13 азаматпен 193 369 410 теңге сомасына брондау шарттарын жасап, екі немесе одан да көп адамға қатысты аса ірі мөлшерде бөтеннің мүлкін жымқырған. Шығын толық көлемде өтелді", - деп нақтылады Абай облыстық сотының баспасөз қызметі.
Іс бес ай бойы қаралды. Сот тергеуі барысында іс бойынша барлық жәбірленушіден жауап алынды.
Фото Tengrinews.kz
Отырыс барысында сотталушылардың кінәсі жәбірленушілердің айғақтарымен, маманның қорытындысымен, заттай дәлелдемелермен және куәгерлердің жауаптарымен расталды.
ҚАЗІР ТАЛҚЫЛАНЫП ЖАТЫР
Бозымбаев Шэньчжэнь мэрімен инновациялық қалаларды дамыту тәжірибесін талқылады
09 маусым 13:18 1
6 миллиард доллар инвестиция: Alatau City бойынша Шэньчжэньдегі келіссөздер қорытындысы
10 маусым 13:32 2
Тараптар ұстанымыСотталушылар кінәсін мойындамай, ақтауды немесе бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды сұрады. Прокурор сотталушылар Ж. мен Р.-ға 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру, ал сотталушы Н.-ға 2 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Іс бойынша сот шешіміСот үкімімен сотталушы Ж. "Алаяқтық" және "Заңсыз кәсіпкерлік" баптары бойынша (ҚК 214-бабы 2-бөлігі 2-тармағы, 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы) кінәлі деп танылды. Оған 10 жыл мерзімге құрылыс саласындағы қызметпен айналысуға тыйым салынып, 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Рақымшылыққа байланысты оның жаза мерзімінің бестен бір бөлігі қысқартылып, 5 жыл 4 ай бас бостандығынан айыру деп белгіленді.
Екінші сотталушы Р. да алаяқтық пен заңсыз кәсіпкерлік үшін кінәлі деп танылды. Сот оған 10 жыл мерзімге құрылыс саласындағы қызметпен айналысу құқығынан айырып, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Рақымшылықты ескере отырып, жаза мерзімінің бестен бір бөлігі қысқартылып, түпкілікті 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасы бекітілді.
Үшінші сотталушы Н. заңсыз кәсіпкерлікке қатысты (Өскемендегі эпизод бойынша) кінәлі деп танылды. Сот қылмыстық құқықбұзушылықтан келтірілген залалдың болмауына байланысты, 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын белгілеп, осы мерзімге пробациялық бақылау орнатты. Бұл эпизод бойынша азаматтық талап арыздар жоқ. Рақымшылықты ескере отырып, бұл сотталушы қылмыстық жауапкершілік пен жазадан босатылды.
Сондай-ақ сот үкімімен жәбірленушілердің 11 талап арызы қанағаттандырылып, сотталғандар Ж. мен Р.-дан барлығы 149 212 990 теңге өндірілді.
Үкімді жариялау кезінде сотталушылардың бірі жылап жіберді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ..
Сот ұстанымыІсті қараған Семей қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Айнұр Рақымова құрылыс, әсіресе көппәтерлі тұрғын үй кешендерін салу мемлекеттік бақылау жүзеге асырылатын стратегиялық маңызды бағыттар қатарына жататынын атап өтті.
"Іс материалдарымен анықталғандай және ешкім дауламайтындай, сотталушылар рұқсат алғанға дейін пәтерлерді сатуды бастаған, бұл жол берілмейтін әрекет. Олар ақшаны алып, салынбаған нысанды брондау шарттарын жасаған және бұл жағдайда ең бастысы: сотталушылар рұқсат беру құжаттары болмаса да, құрылысты бастап кеткен", - деп нақтылады Семей қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Айнұр Рақымова.
Ол 2024 жылы Өскеменде құрылысқа рұқсат алынып, оның басталғаны туралы хабарлама жіберілгенін, бірақ іс жүзінде жұмыстар айтарлықтай ерте басталғанын, сол кездің өзінде салымшылардың қаражаты тартылғанын түсіндірді.
"Семей бойынша осы уақытқа дейін рұқсат беру құжаттары алынбаған, бірақ ғимарат бой көтерген. Сотталушылар расында шығынды ішінара өтеді, бірақ 11 жәбірленушіге қатысты талап арыздар өтелген жоқ. Сома шамамен 150 миллион теңге. Осылайша, салымшылар не баспаналы болмады, не ақшаларын ала алмады", - деді Семей қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Айнұр Рақымова.
Судьяның айтуынша, бұған дейін бірнеше рет құрылысты тоқтата тұру және салымшылардың қаражатын тартуға тыйым салу туралы сот актілері шығарылған. Алайда, сот анықтағандай, бұл талаптар ескерусіз қалып, Өскемен мен Семейдегі көппәтерлі үйлердің құрылысы жалғаса берген.
Жәбірленуші не деді?Аман Рахметуллин Dala SK компаниясының салымшысы. Ол 2023 жылы 11 миллион теңге қаржы салған. 105 шаршы метр тұрғын үй сатып алуды жоспарлағанымен, нәтижесінде бұл іс бойынша жәбірленуші болып шықты. Компаниямен арадағы сот процестерінің жүріп жатқанына бірнеше жыл болды. Ол әлі күнге дейін ақшасын қайтара алмаған салымшылардың ұстанымын білдірді.
"Біз Dala SK салымшыларымыз. Шамамен 70 отбасы 1 миллиард 300 миллион теңге инвестиция құйды. Компания кейбір адамдарға қарызды ішінара, мәселен, пәтермен қайтарды, бірақ әлі 10 отбасы ақшасын алған жоқ. Біз талап арыз жаздық. Сот актісіне көңіліміз ішінара толады. Үкім кесілгеніне қуаныштымыз, бірақ әзірге ақшамыз қайтқан жоқ. Олармен 2023 жылдан бері соттасып келеміз. Бүгін түпкілікті үкім шықты, бірақ бізге 150 миллион теңгені ешкім қайтарған жоқ. Енді азаматтық тәртіпте соттасуды жалғастырамыз. Бұл қаражатты қашан қайтаратынымыз белгісіз", - деді Аман Рахметуллин.
Еске сала кетейік, 2025 жылдың желтоқсанында Dala SK Construction ЖШС басшылығы және онымен байланысты бірнеше компанияға қатысты тергеу аяқталғаны белгілі болды. Оларға үлестік құрылыс деген желеумен азаматтардан заңсыз ақша жинады деген айып тағылған болатын.
Тергеу амалдарын Қаржылық мониторинг агенттігінің Абай облысы бойынша департаменті жүргізді. Бұған дейін компания екі жыл бойы тұрғын үй кешендерін тиісті рұқсатсыз, жобалау-сметалық құжаттамасыз, мемлекеттік сараптамасыз және авторлық қадағалаусыз салып келгені хабарланған еді.