Sputnik.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
АСТАНА, 13 мамыр – Sputnik. Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев республикалық және облыстық жолдарда интернет қашан қосылатынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қазақстанда базалық станциялар желісін кеңейтудің нәтижесінде мобильді интернеттің орташа жылдамдығы 75 пайызға, ал интернет-трафиктің көлемі 67 пайызға артты.
"Биыл республикалық маңызы бар автожолдар, ал келесі жылы – негізгі облыстық автожолдар мобильді интернетпен қамтылады", - деді Мәдиев мәжілістің бүгінгі отырысында.
Сондай-ақ, ел аумағы спутниктік интернетпен толығымен қамтылады.
"Биыл спутниктік интернетті пойыздар мен ұшақтарға енгізу жоспарланған. Өңірде алғаш рет Direct-to-Cell технологиясы қолданылып отыр. Ол азаматтарға Қазақстанның кез келген жерінен ұялы телефон арқылы интернетке қосылуға мүмкіндік береді", - деді министр.