Egemen.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Фото: kazgazeta.kz
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, демалыс орталықтарының қызметін жүйелеу балалардың қауіпсіздігін күшейтуге және көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
«Биылғы жылдан бастап жыл бойы жұмыс істейтін және маусымдық демалыс орталықтарының қызметі лицензиялау арқылы реттеледі. Осыған орай нормативтік құқықтық актілерді сәйкестендіру жұмыстары жүргізіліп, қайта бекітілді», деді министр.
Министрдің айтуынша, лицензиялау талаптарына сәйкес бірнеше негізгі құжат жаңартылған. Атап айтқанда, «Білім беру ұйымдары түрлерінің номенклатурасын бекіту туралы» №50 бұйрық, «Мемлекеттік білім беру ұйымдарының үлгілік штаттарын бекіту туралы» №224 бұйрық, «Білім беру ұйымдарының үлгілік қағидаларын бекіту туралы» №385 бұйрық қайта бекітілді.
Сондай-ақ «Білім беру ұйымдарының білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талаптарын және оларға сәйкестікті растайтын құжаттардың тізбесін бекіту туралы» №473 бұйрық пен «Білім беру ұйымдарының білім беру қызметімен айналысуға лицензия беру» мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларын бекіту туралы» №483 бұйрыққа өзгерістер енгізілді. Бұдан бөлек, білім беру-сауықтыру бағдарламаларын әзірлеу, келісу және бекіту тәртібін айқындайтын жаңа құжат дайындалған.
Соңғы қоңырау: Елімізде 215 мыңнан астам түлек мектеппен қоштасты
Министрлік демалыс орталықтарының ашылу мерзіміне қарай лицензиялау талаптарын кезең-кезеңімен енгізу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Өңірлік штабтар аясында әкімдіктер мен мүдделі мемлекеттік органдар білім беру-сауықтыру орталықтарына әдістемелік қолдау көрсетуде.
Жұлдыз Сүлейменованың сөзінше, балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруға қатысты 2024-2026 жылдарға арналған ведомствоаралық жоспар аясындағы барлық іс-шара толық орындалып келеді.
«Өңірлік штабтардың жұмысы үйлестірілген. Биыл алғаш рет «Білім беру ұйымдарында балалардың сауықтырылуы мен демалысын ұйымдастыру қағидалары» бекітілді», деді министр.
№237 бұйрыққа сәйкес жазғы маусым алдында сауықтыру орталықтарының дайындығын қабылдау жұмысына санитариялық-эпидемиологиялық қызмет, төтенше жағдайлар органдары, полиция, әкімдік, білім басқармалары мен ДОКСО өкілдері бірлесіп қатысады.
Астана мектептеріндегі орын тапшылығы мәселесі қалай шешілмек?
Демалыс орындарындағы мамандардың сапалық құрамына да ерекше назар аударылған. Әрбір қызметкердің соттылығы тексеріледі. Министрдің айтуынша, мамандардың біліктілігін арттыру үшін «Балдәурен» және «Бөбек» орталықтарының базасында арнайы курстар мен семинарлар ұйымдастырылған.
Жазғы демалыс кезеңінде балалардың қауіпсіздігін күшейту үшін кері байланыс және жедел көмек көрсету тетіктері де жетілдірілді.
«Білім басқармалары жанындағы колл-орталықтар азаматтардың сұрақтары мен өтініштерін қабылдайды. Сонымен қатар «111» байланыс орталығы жазғы кезеңде күшейтілген режимде жұмыс істейді», деді Жұлдыз Сүлейменова.
Барлық білім беру ұйымдарында балалардың тікелей көмек сұрауына арналған QR-кодтар орналастырылған.
Еске салайық, биыл түлектер саны соңғы 25 жылдағы ең жоғары көрсеткішке жетті.