Министрлік Қазақстан аумағынан дрон ұшырылды деген ақпаратты жоққа шығарды

08.07.2026

Sputnik.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

АСТАНА, 8 шілде – Sputnik. Сыртқы істер министрлігі Қазақстан аумағынан ұшқышсыз ұшу аппараттары іске қосылғаны туралы мәлімдемелерге жауап берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Ведомство соңғы уақытта кейбір БАҚ-та Ресей Федерациясы аумағындағы нысандарға жасалған шабуыл кезінде қолданылған ұшқышсыз ұшу аппараттарын іске қосу үшін Қазақстан аумағы пайдаланылуы мүмкін деген арандатушылық мәлімдемелер таралып жатқанын атап өтті.

"Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі аталған мәлімдемелердің шындыққа жанаспайтынын және ешқандай деректермен немесе фактілермен расталмайтынын жауапкершілікпен мәлімдейді", - деп жазылған хабарламада.

Министрлік мұндай жарияланымдар Қазақстан-Ресей қарым-қатынасының дәстүрлі достық сипатын бұрмалауға бағытталған негізсіз жорамал ретінде бағаланатынын атап өтті.

"Сыртқы істер министрлігі сондай-ақ Қазақстан Республикасының тату көршілік, өзара құрмет, мемлекеттердің ішкі істеріне араласпау қағидаттарына негізделген бейбітсүйгіш, теңгерімді және жауапты сыртқы саясат жүргізіп келе жатқанын мәлімдейді. Қазақстан Республикасы халықаралық құқық нормалары мен халықаралық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты халықаралық шарттық міндеттемелерді бұлжытпай сақтайды", - делінген хабарламада.

Министрлік Қазақстан өз аумағын, әуе кеңістігін және инфрақұрылымын басқа мемлекеттерге қарсы бағытталған әрекеттерді жүзеге асыру үшін пайдалануға бермейтінін хабарлады.

"Осыған байланысты бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін және өзге де тұлғаларды тексерілген деректерге сүйенуге және шынайы емес ақпарат таратудан бас тартуға шақырамыз", - деп түйіндеді ведомство.

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью