Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Мәселенің мәнісі
Қолданыстағы Конституцияның 6-бабының 3-тармағы бойынша, жер қойнауы Қазақстан халқына тиесілі және мемлекет оны халықтың атынан басқарады. Осыған байланысты қоғамда сирек металл қоры анықталған кен орындарын игеру жөніндегі келісімшарттар ашық жариялануға тиіс деген талап көтеріліп жүр.
Бұл мәселе Қазақстанда бұған дейін Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ сияқты ірі мұнай кен орындарын игеру келісімдері ұзақ уақыт бойы жария етілмегенімен байланысты жиі талқыланады.
Министрліктің ұстанымы қандай?
Министрлік өкілдері Kazinform сауалына берген жауапта келісімшарттардың жариялылығы шектеулі екенін растады.
— Жалпы қалыптасқан тәжірибеге сәйкес, келісімшарттардың іс жүзінде барлығы дерлік құпия негізде жасалады. Олардың кейбірі ғана тараптардың ерік білдіруіне байланысты көпшілікке қолжетімді болуы мүмкін, — деп жазылған ведомствоның ресми жауабында.
Бұл неге маңызды?
Ведомство тараптардың келісімімен бұрын жарияланған келісімшарттардың нақты санын және олардың мәтіндері қайда жарияланғанын көрсетпеді. Халықаралық тәжірибеде жер қойнауын пайдалану жөніндегі келісімшарттардың ашықтығы табиғи ресурстарды басқарудың маңызды элементі болып есептеледі. Мұндай келісімдердің мәтіндері мемлекеттік органдардың ресми сайттарында немесе арнайы ашық дерекқорларда жарияланады. Бұл қоғамның табиғи ресурстарды пайдалану шарттарымен танысуына және мемлекет пен инвесторлар арасындағы міндеттемелердің орындалуын қоғамдық бақылауға мүмкіндік береді.
Еске салсақ, бұған дейін «Сирек металл индустриясы мұнай-газ өнеркәсібінің қателігін қайталап жүрмей ме?» деген сауалға жауап іздеп көрген едік.