Мо ЯН: Нағыз шығарма қоғамның жарасын көрсетіп, адамды ойландыруға тиіс

24.06.2026

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..

Елімізге алғаш рет келген әйгілі қаламгердің Ұлттық академиялық кітапханадағы оқырманмен кездесуі әдебиет сүйер қауым үшін елеулі оқиға болды. Әлемге жақсы таныс жазушы бұл жолы шығармашылық зертханасының ішкі сырларын бөлісіп, өз туындыларының туу тарихы туралы баяндады. Оның әр сөзі әдебиет деген ұғымның адам тағдырымен, тарихи жады һәм туған жермен қаншалықты терең байланыста екенін анық аңғартты.

1955 жылы Қытайдың Шаньдун провинциясында дүниеге келген Мо Ян әлем әдебиетіне ауыл өмірін, қарапайым адамдардың тағдырын, қоғамдағы өзгерістерді көркем тілмен бейнелеген жазушы ретінде танылды. Оның шығармалары белгілі бір кезеңнің ғана емес, тұтас халықтың жан дүниесінің көркем шежіресіне айналды.

Әдебиетке өткен ғасырдың  80-жылдары келген қалам­гердің шығармашылық қолтаң­басын сыншылар көбіне халықтық мифология мен реализмнің ерекше үйлесімі ретінде бағалайды. Ол тарихи оқиғаларды құрғақ дерек күйінде емес, адам тағдыры арқылы сөйлетеді. Сондықтан да Мо Ян кейіпкерлері белгілі бір уақыттың ғана емес, жалпы адамзаттық сезімдердің тасымалдаушысы ретінде қабылданады.

2012 жылы «Қызыл кәулен» романы үшін әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының Мо Янға берілуі де кездейсоқ емес еді. Бұл ма­рапат оның халық ауыз әде­бие­тінің элементтерін заманауи­ про­замен шебер ұштастыра отырып, адамзаттық мәселелерді терең бей­нелей алған қаламгерлік қуа­тын мойындаудың белгісі болды.

Келелі кездесуде сөз алған қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Төлен Әбдік Мо Ян шығармашылығының ерекшелігіне айрықша тоқталды. Қарт қаламгердің айтуынша, на­ғыз суреткер ешқашан бір ха­лық­тың ғана жазушысы болып қалмайды.

– Ұлы жазушылар ешқашан бір халықтың ғана аясында қалып қоймайды. Мысалы, Шекспир, Толстой мен Достоевский өз елінің мақтанышы болғанымен, бүгінде бүкіл адамзатқа ортақ қалам­гер­лерге айналды. Осындай биікке көтеріліп отырған жазушының бірі – Мо Ян. Оның туындыларында бірде-бір жағымды кейіпкер жоқ. Жазушы өмірді боямасыз көрсетеді, адам табиғатын барлық қы­рынан ашуға ұмтылады. Нағыз әдебиеттің басты жетістігі де осында. Адамды тек жақсы жа­ғынан ғана емес, барлық қай­шы­лығымен, әлсіздігімен һәм ар­тықшылығымен бірге көрсету – үл­кен шеберлік. Мо Ян шығар­ма­ларында осы қасиет анық бай­қалады, – деді жазушы.

Кездесудің ең әсерлі тұстары­ның бірі жазушының анасы туралы айтқан естеліктері болды. Мо Ян шығармашылық жо­лының бастауы туған жері Гаоми­ден басталғанын айтты. Балалық шағында анасынан ерте айырылған қаламгер сол күннен бастап Ана туралы ұлы шығарма жазуды өзіне өмірлік мақсат етіп қойған. Бұл жай ғана әдеби жос­пар емес, жүректегі сағыныштан туған серт еді.

– Әлемдегі барлық шығармада ана бейнесі ұлы, оның пейілі Жер-Анадай кең болып суреттеледі. Бірақ мен ана образын дәл солай жазсам, өзгелерден ерекшеленбес едім, – деген жазушы Ана бейнесін күрделі әрі қайшылықты сипатта жасауды таңдағанын айтты. Қаламгер түсінігінде адам табиғаты біржақты болмайды. Ана да мінсіз мүсін емес, қуанышы мен қайғысы, әлсіздігі мен қайраты қатар жүретін тірі жан. Сондықтан Мо Ян шығармаларындағы әйел бейнесі көбіне күрделі тағдырлардың иесі ретінде көрінеді. Олар өмірдің ауыр сынақтарын бастан өткереді, қоғам қысымымен күреседі, бірақ соған қарамастан адамдық болмысын сақтап қалуға тырысады. Міне, қаламгер осы тағдырлар арқылы тұтас қоғамның бет-бейнесін ашуға ұмтылады. Әсіресе феодалдық көз­қарастар үстемдік құрған кезеңдегі қытай әйелдерінің өмірі оның шығармаларында кеңінен көрініс тапты. Бұл тақырып жазушы үшін тек тарихи мәселе емес, адамның еркіндігі мен қадір-қасиеті туралы үлкен әңгіменің бір бөлігі. Ол Қытай қоғамында ұзақ уақыт бойы қалыптасқан ұл баланы артық көру түсінігінің әйел тағдырына қалай әсер еткенін шығармалары арқылы көрсетуге тырысты. Кейіпкерлерінің өмір жолы арқылы қоғамдағы әділетсіздік пен теңсіздік мәселелерін көтерді. Жазушы пікірінше, әдебиет тек әдемі оқиғаларды баяндаумен шектелмеуі керек. Нағыз шығар­ма қоғамның жарасын көрсетіп, адамды ойландыруға тиіс.

Мо Ян шығармашылығындағы ең танымал туындылардың бірі – «Ана», яғни «Үлкен кеуде, жалпақ бөксе» романы. Бұл шы­ғармада ана бейнесі жеке адамның ғана емес, тұтас халықтың рәмізіне айналады. Жазушының айтуынша, роман алғаш жазылған кезде оның жарық көруіне күмән көп болған. Шығарма атауының өзі баспа редакторларын алаңдатқан. Тіпті романды қайта жазып шығу жөнінде ұсыныстар да болған. Алайда қаламгер өз туындысын қорғап қалуды жөн көрді. «Егер қазір қайта жазсам, мүлде басқа шығарма болар еді»  деген сөзі жазушының шығармашылыққа деген көзқарасын аңғартады. Әр шығарма – өз дәуірінің, өз көңіл күйі мен төл тағдырының жемісі. Сондықтан жазылған туындыны сол қалпында қабылдау қажет.

Тоқетерін түйгенде, Мо Янның қазақ оқырманымен кездесуі әдебиеттің ұлт пен мемлекет шекарасынан әлдеқайда биік құбылыс екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Шаньдундағы ша­ғын ауылдан бастал­ған шы­ғармашылық жол­ әлемнің ең бе­дел­­ді әдеби мара­па­ты­на ұласты. Бірақ жазушыны биік­ке көтерген марапат емес, адам тағ­ды­рын түсінуге деген ұмтылыс болды. Оның әңгімесінен бір нәрсе анық се­зілді: әдебиеттің ең басты тақырыбы өзгермейді. Ол – адам. Оның қуа­ны­шы мен қайғысы, сағынышы мен үміті, анаға деген мәңгілік ма­хаббаты. Сол себепті Мо Ян­ның ана туралы жазған әр жолы Қытайдағы бір отбасының ғана емес, жер бетіндегі миллиондаған адамның жүрегіне жақын естіледі. Өйткені Ана туралы әңгіме – ұлтқа бөлінбейтін, уақытқа бағынбайтын адамзаттың ортақ хикаясы. Кездесу соңында  Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов тәуелсіздік алғалы елімізге қаламгерлер қатарынан алғаш рет Нобель сыйлығының лауреаты келгенін атап өтіп, жазушы Мо Янға Астанаға арнайы ат басын бұрғаны үшін алғыс білдірді.

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью