7kun.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..
Қазақстанда мобильді аударымдар арқылы ірі көлемде қаражат қабылдаған 115 мың азаматтың операциялары тексерілмек.
Бұл туралы Қаржы министрі Мәди Тәкиев Мәжіліс кулуарында мәлімдеді. Министрдің айтуынша, Қаржы министрлігі 10 екінші деңгейлі банктің деректерін талдап, үш ай ішінде 100-ден астам мобильді аударым қабылдаған әрі олардың жалпы сомасы 1 миллион теңгеден асқан тұлғаларды анықтаған. Нәтижесінде бақылау тізіміне 115 мың адам енгізілген.
– Жүргізілген талдау барысында көрсетілген талаптарға сәйкес келетін 115 мың азамат анықталды. Олардың есепшоттарына жалпы көлемі шамамен 1 триллион теңге түскен. Қаражаттың басым бөлігі жеке тұлғалардың шоттарына аударылған, – деді Мәди Тәкиев.
Сонымен қатар бақылау шаралары Қазақстан аумағында тұрақты тұрмайтын шетел азаматтарына да қатысты жүргізіліп жатыр. Министрдің мәліметінше, мобильді аударымдар қабылдаған 7 800 шетел азаматы анықталған.
Ведомство енді бұл қаражаттардың шығу тегі мен пайдаланылу мақсатын зерделеуге кіріспек. Тексеру кәсіпкерлік қызметтен түскен табыстардың заңды рәсімделуін анықтауға бағытталған.
Министрдің сөзінше, бақылау тізіміне жеке кәсіпкерлер де енген. Олар бойынша тіркелген қаржы айналымының көлемі шамамен 200 миллиард теңгені құрайды.
– Барлық азаматтарға тиісті хабарламалар жолданды. Біздің мақсатымыз – адамдарды жазалау емес, түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Анықталғандардың арасында такси жүргізушілері, курьерлер және қызметі үшін төлемді жеке карта арқылы қабылдайтын азаматтар көп, – деді министр.
Еске сала кетейік, биылғы 1 қаңтардан бастап банктер мобильді аударымдарға қатысты ақпаратты салық органдарына ұсына бастады. Бұл шара жеке банк карталары арқылы жүйелі түрде төлем қабылдайтын, бірақ ресми тіркелмеген кәсіпкерлік қызметті анықтау және көлеңкелі экономиканың үлесін қысқарту мақсатында енгізілген.
Мамандардың пікірінше, жаңа бақылау тетігі кәсіпкерлік қызметтің ашықтығын арттырып, салықтық тәртіпті күшейтуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге жеке қажеттілік үшін жасалатын қарапайым аударымдар мен туыстар арасындағы ақша аударымдарына бұл талаптардың қатысы жоқ екені атап өтілді.