Мобильді операторларға қатысты ауқымды тексеру басталуы мүмкін

21.05.2026

7kun.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Мәжіліс депутаты Олжас Нұралдинов Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевке депутаттық сауал жолдап, Қазақстандағы ұялы байланыс операторларының тарифтік саясаты мен ақылы сервистеріне кешенді тексеру жүргізуді талап етті.

Депутаттың айтуынша, қазақстандықтар қымбат тарифтерден бөлек, жасырын ақша шешу, ақылы сервистерді рұқсатсыз қосу және түсініксіз тарификация мәселелерімен жиі бетпе-бет келіп жатыр.

Атап айтқанда, Kcell және Activ абоненттері «Fun Online», «My Games», «Марафон желаний», «Cinema Games», «New Happy Bonus» секілді ақылы сервистердің пайдаланушы келісімінсіз қосылғанына шағымданған.

Депутаттың сөзінше, кей жағдайда абонент бірден бірнеше сервистің қолданушысына айналып, күн сайын шотынан ақша шешіліп отырғанын байқамай қалады.

Азаматтар айлар бойы баланстағы ақшаның неге азайып жатқанын түсінбей жүреді, – делінген депутаттық сауалда.

Сонымен қатар Beeline Kazakhstan абоненттеріне қатысты мәселелер де көтерілді.

Депутаттардың айтуынша, егер абонент тарифті ұзартуға қажетті соманы толықтыра алмаса, оператор оны автоматты түрде қымбат базалық тарификацияға ауыстырады.

Мысал ретінде депутаттар 8 мың теңгелік тарифте шотта 5 мың теңге қалған жағдайда, абонентке жетпейтін соманы ғана толықтыру мүмкіндігі берілмейтінін айтты. Оның орнына қолданушы қымбат мегабайттық интернетке автоматты түрде қосылып, бірнеше сағат ішінде барлық қаражатынан айырылуы мүмкін.

Сауалда байланыс операторлары ұсынатын «аванс арқылы баланс толтыру» қызметтері де сынға алынды.

Депутаттардың мәліметінше, кейбір жағдайда бірнеше күнге берілетін мұндай қызметтер үшін 20 пайызға дейін комиссия ұсталады.

Бұл көрсеткішті жылдық мөлшерлемеге шақсақ, шамамен 2500 пайызға тең болады, – делінген сауалда.

Осыған байланысты Ақ жол фракциясы депутаттары:
ақылы сервистерді абоненттің нақты келісімінсіз қосуға тыйым салуды;
барлық жазылымдар мен күнделікті төлемдерді мобильді қосымшада ашық көрсетуді;
ақылы қызметтен бір батырмамен бас тарту мүмкіндігін енгізуді;
пайдаланылмаған интернет-трафикті келесі айға көшіруді;
қымбат базалық тарифке тек абоненттің келісімімен ауыстыруды ұсынды.

Сондай-ақ депутаттар ұялы операторлардың қаржылық сипаттағы сервистерін заңнамаға сәйкестігі тұрғысынан тексеруді талап етті.

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью