Мобильді зертхана: қауіпсіздік және тиімділік

25.06.2026

Egemen.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..

Суретті түсірген Жұмабай Мұсабек

Бұл – тек техникалық жаңа­шыл­дық қана емес, сонымен бірге тұр­ғындардың қауіпсіздігін қам­­тамасыз етуге бағытталған ма­ңыз­ды қадам. Табиғи газ – ха­лықтың тұрмыс сапасын арттыратын негізгі инфрақұрылымдық игіліктердің бірі. Алайда оның қауіпсіз әрі үздіксіз жеткізілуі тұрақ­ты бақылауды талап етеді. Осы орайда Жетісу облысында­ ен­гі­зілген жаңа технология­лар газ шаруашылығын басқарудың зама­­науи үлгісін қалыптастыруға жасалған нақты қадам деп ба­ға­ланып отыр. Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық басқармасының басшысы Айдос Бекетаевтың айтуынша, аталған бастама облыс әкімдігінің қолда­уы­мен жүзеге асырылып жатыр.

«Газ инфрақұрылымының қауіп­сіздігі – басты басым­дық­тарымыздың бірі. Бұрын анық­талуы қиын болған жасырын ақау­лар­ды жаңа технологиялардың кө­мегімен қысқа мерзімде табуға мүм­кіндік туды. Бұл тек апат­тық­ жағ­дайлардың алдын алу ғана­ емес, со­нымен бірге халық­қа көр­­се­тілетін қызмет сапасын арт­­тыру­ға бағытталған маңыз­ды қадам. Алдағы уақытта диагнос­ти­ка­лық бақылау бүкіл өңірді кезең-кезеңімен қамтитын болады», дейді Айдос Бекетаев.

Мамандардың айтуынша, мо­бильді зертхананың мүмкіндігі өте кең. Оның құрамына енгізілген жоғары дәлдіктегі лазерлік құ­рылғылар қозғалыс үстінде қор­шаған ортаны үздіксіз бақылап, газдың ең аз мөлшердегі шығуын да тіркей алады. Әсіресе адам бара алмайтын аумақтарды қашық­тан тексеру қызметі қауіпсіздік деңгейін едәуір арттырады.

Облыстық энергетика және тұр­ғын үй-коммуналдық шаруа­шылық басқармасының мәлі­метіне сәйкес қазіргі уақытта мо­бильді диагностикалық кешен­дер­дің көмегімен өңірдегі газ тарату желілерін тексеру жұ­мыс­ы қарқынды жүріп жатыр. Атал­ған кешендер жер қазу жұмыс­тарынсыз-ақ жерасты және жерүсті газ құбырларындағы ақау­ларды анықтай алады. Бұл өз кезе­гін­де уақыт пен қаржыны үнемдеп қана қоймай, қауіпті учаскелерді дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді.

Мәселен, Қаратал ауданын­да жүр­гізілген тексерулер нә­ти­­жесін­де Үштөбе қаласы мен бір­қатар ауыл­дардағы жалпы ұзын­­ды­ғы 240 ша­қырымнан асатын газ құ­бырлары зерттеліп, 10 газ шығу дере­гі анықталған. Олардың бар­лығы то­лықтай жойылды. Со­ны­мен қатар мыңдаған газ реттеу пункт­­терінің техникалық жай-күйі тек­серіліп, жүйенің сенімділігі бағаланды.

«ЖетісуГазСервис» мекемесінің бас инженері Бақтияр Кенжебеков бұл технологиялардың басты ерекшелігі жылдамдық пен дәл­дікте екенін атап өтті.

«Бұрын белгілі бір аумақта газ шығуы бар деген күдік туындаса, оны анықтау үшін ұзақ уақыт қажет болатын. Қазір заманауи газ талдау құрылғылары бірнеше минут ішінде нақты нәтижені көрсетеді. Әсіресе лазерлік технологиялар арқылы жер астындағы құбырлардан шығатын газды ондаған метр қашықтықтан анықтауға болады. Бұл жұмыстың тиімділігін бірнеше есе арттырып отыр»,  дейді Бақтияр Кенжебеков.

Сарапшылардың пікі­рінше, бүгінде инженерлік инфра­құрылым саласында цифр­лық және автоматтандырылған техно­логиялардың рөлі жылдан-жылға артып келеді. Әлемнің дамыған елдері газ желілерін ба­қылауда интеллектуалды жүйе­лер мен қашықтан мониторинг жүргізу құралдарын кеңінен пайдаланады. Жетісу облысында қолға алынған бастама осы үрдістің өңірлік деңгейдегі нақты көрінісі деуге болады.

Қазір облыстағы газдандыру жұмысы да жүйелі түрде жалғасын табуда. Бұл күндері облыстағы газдандыру деңгейі 67 пайызға жетіп, 467 мың тұрғын табиғи газды пайдалану мүмкіндігіне ие болды. Бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді. Былтыр стратегиялық маңызы зор «Талдықорған – Үшарал» магис­тралды газ құбырының құрылысы аяқталды. Сонымен қатар жеке инвестициялар есебінен Ақсу, Сарқан және Алакөл аудандарындағы 84 елді мекенді газдандыруға арналған жобалық-сметалық құжаттар әзірленді. Биыл аталған жобаларды іске асыру жұмысы басталады.

Жоспарға сәйкес 2028 жылға қарай облыстағы 210 елді мекен табиғи газбен қамтылып, көгілдір отынға қол жеткізетін тұрғындар саны 652 мыңнан асады. Бұл – өңір халқының шамамен 94 пайызына тең көрсеткіш.

Қазіргі заманның басты талабы – қауіпсіздік пен тиімділік. Осы тұрғыдан алғанда, Жетісу облысында енгізіліп жатқан мобильді диагностикалық кешендер өңірдің газ шаруашылығын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беріп отыр. Инновациялық технологиялар арқылы инфрақұрылымның сенімділігі артып, тұрғындардың қауіпсіздігі күшейе түседі. Ең бас­тысы, мұндай бастамалар газдандыру жүйесінің тұрақты дамуына жол ашып, өңір тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға қызмет етеді деп сенім артамыз.

 

Жетісу облысы

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью